Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Желіде 21 қыркүйекте елорда тұрғындары қыз баланы белгісіз бағытқа әкетіп бара жатқан ер азаматты ұстап, полиция шақыртқан видео тарады. Осы оқиғаға қатысты Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімет берді.
Видеодағы оқиға 21 қыркүйекте болған. Қыз көмек сұрап айғайлай бастағанда ер адам қаша жөнелген. Бірақ жергілікті тұрғындар оны бірден ұстап, полицияның қолына тапсырғанын көруге болады.
21 қыркүйекте сағат 19.21-де «102» пультіне Рысқұлбеков көшесінде белгісіз ер адамның қызды ұрлап кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына дереу полиция қызметкерлері шықты. Кешкі уақытта мектептен оралған кәмелетке толмаған балаға мас күйдегі ер адам жақындағаны анықталды, - делінген хабарламада.Баспасөз қызметі хабарлағандай, дерек бойынша 25 жастағы күдікті ұсталды.
Медициналық куәландыру нәтижелеріне сәйкес, ол орташа дәрежеде мас күйінде болған. Ол азамат ІІО есебінде тұрмаған, бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қазіргі уақытта тергеуге дейінгі тексеру жүргізіліп жатыр, оның нәтижелері бойынша процестік шешім қабылданады, - деді ведомство баспасөз қызметі.