Елордада пара пауэрлифтингтен әлем чемпионаты өтеді

5 Шілде 2019, 14:43
1570
Бөлісу:
Елордада пара пауэрлифтингтен әлем чемпионаты өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.Елордада алғаш рет 12-20 шілде аралығында пара пауэрлифтингтен әлем чемпионаты өтеді.

Әлем чемпионаты EXPO Конгресс-орталығында өтеді. Дүниежүзілік додаға бес құрлық 79 мемлекетінен 450-ден астам спортшы қатысады. Қазақстан құрамасы әрбір салмақ санатында бақ сынаспақ. Ұлттық құрама сапында 2016 жылғы Рио-де-Жанейродағы паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Раушан Қойшыбаева, сондай-ақ Индонезиядағы 2018 Азия ойындарының жеңімпаздары Давид Дегтярев, Рахмеджан Хамаев, Алина Солодухина және Гүлбан Әбдіхалықова сияқты спортшыларымыз өнер көрсетпек.

«Елімізге алғаш рет бір мезетте 266 мүмкіндігі шектеулі тұлға келеді. Қаланың инфрақұрылымын тексеруге бұл жақсы мүмкіндік. Барлық қатысушылар қаладағы бес қонақ үйге орналастырылады. Конгресс центр мен қонақ үйлердің арасында автобустар қатынап тұрады. Одан бөлек, арнайы мамандандырылған минивен болады. Әлем чемпионатын өткізуге көмектесу үшін 250 ерікті тартылды. 8-10 шілде аралығында төрешілер, спортшылар, бапкерлерге арналған үш оқыту семинары жоспарланған. Әлем чемпионатының алаңында допингке қарсы білімінді тексеруге арналған тест ұйымдастырылады. Оған кез келген ынтасы бар адам қатыса алады», - дейді Ұлттық паралимпиада комитетінің атқарушы директоры Ерлан Сүлейменов.

Әлем чемпионатына Қазақстаннан 30 спортшы бақ сынайды. Оның ішінде 6 жасөспірім, 24 ересек спортшы бар.
2015 жылдан бері Қазақстан пауэрлифтингтен әлемдік ірі додаларда 34 медаль жеңіп алған.

Өзгелердің жаңалығы