Елордада отбасылық сайыстың финалы өтті

18 Маусым 2022, 11:39
1374
Бөлісу:
Елордада отбасылық сайыстың финалы өтті
PHOTO
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Балалар жылы аясында «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі мен Stream LAB  компаниясы бірлесіп Family strem challenge-2022 отбаслылық сайысын ұйымдастырды. Оған Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдау көрсетті. 

Мамыр айының 10-30 аралығында онлайн өткен іріктеуге ел бойынша 444 отбасы тіркелген. Байқау шарты бойынша олар қолжетімді материалдан гидравликалық кран жасауы керек болған. Іріктеу кезеңінен 16 отбасы өтіп, елордада ақтық сында басқосты. 

Елордада отбасылық сайыстың финалы өтті

«Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы  Рахымбек Жолаевтың айтуынша, байқау балаларды еңбекке баулу, ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған. 

Балалар жылы аясында оларға мотивация беріп, білім-ғылымға деген құндылықтарды дәріптеу мақсатында сайысқа отбасы мүшелерін де қатыстыруды жөн көрдік. Әке-шешесінің көмегі мен ауызбіршіліктің негізінде нәтижеге жетуге болатынын көрсеткіміз келді. Іріктеуді барлық өңірге барынша тараттық. Оқушылар арасында болғандықтан Білім және ғылым министрлігінен қолдау сұрадық. Алайда ол тараптан жауап болмады. Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Отбасы комитеті қолдау көрсетті. Осылайша, бұл байқаудың ақтық сынын  елордада ұйымдастырдық, - деді ол. 

Ол атағандай, елордаға келген 16 отбасын қонақүйлерге ұйымдастыру мен қалада экскурсия жасау шығынын қоғамдық бірлестік көтерген. 

Елордада отбасылық сайыстың финалы өтті

Шараның ашылуына қатысқан Сенат депутаты Дана Нұржігіт отбасының берекесін арттыратын осындай шараның ұйымдастырушыларына алғыс айтты. 

Мұндай үлкен додаларды одан әрі қолдап, жалғастыру керек. Балалар жылы аясында өткізіліп жатқан бұл жарыс біздің қоғам үшін өте маңызды. Себебі отбасы берік болса, Отан да берік болады. Қоғамды құрайтын ата-аналар. Ал біздің жолымызды жалғастыратын саналы балалар. Өмірдің өзі жарыс. Сондықтан баланы балғын кезінен осындай додаға қоса берсеңіздер, олар ширай түседі. Сондықтан бұл шара әрқайсысымыздың дамуы үшін керекті бастама, - деді Нұржігіт. 

Елордада отбасылық сайыстың финалы өтті

Бірінші орын алғандарға 500 мың, екінші орынға 300 мың, үшінші орынға 200 мың беріледі. Қалған қатысушыларға 100 мың теңге көлемінде сыйақы беріледі. 

Өзгелердің жаңалығы