Елордада мұғалімдер біліктілігін шыңдады

2 Шілде 2022, 18:50
1537
Бөлісу:
Елордада мұғалімдер біліктілігін шыңдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Отандық білім беру жүйесін дамытуды көздейтін республикалық семинар өтті.

Іс-шараны Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ұйымдастырды. Семинарға елорда, Қарағанды, Өскемен, Семей, Павлодар, Қостанай, Петропавл, Теміртау қалаларының қазақ тілі пәнінің мұғалімдері қатысты.

Онда Н.Е.Байсаков пен Ғ.Қ.Резуанованың 6-сыныпқа арнап жазған «Қазақ тілі» оқу құралының мазмұны туралы экономикалық лицей ұстаздары Марал Қожабекова, Айгүл Нурушева, Марияш Токумова, Ғалия Камалова, Нұржан Байсаков және Нұр-Сұлтандағы республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) мұғалімі Айшолпан Камзина өз баяндамаларын оқып, тәжірибе алмасты.

6-сыныпқа арналған «Қазақ тілі» оқу құралын жазып шықтық. Биыл ол республикалық «Авторлық бағдарламалар» конкурсында 1-орынды алды. Мінсіз ештеңе жоқ екені белгілі. Бірақ бар күшімізді салып, бұл оқулықты жазып шықтық. Менің ойымша, аталған оқу құралы қолданыстағы «Қазақ тілі» оқулықтарымен (2-11 сынып оқулықтары) салыстырғанда әлдеқайда тиімді, - деді мұғалім Нұржан Байсаков.

Ол жаңа оқулық несімен ерекшелетінін түсіндірді.

Мысалы, оқу құралымызға мемлекеттік бағдарламада берілген жаңа сөздерді арнайы қатыстырып өлеңдер жазылды. Оның жартысынан көбі елге танымал әуендерге жазылған. Бұл айтылым дағдысын қалыптастыруға өте тиімді әдіс. Жалпы ән арқылы тіл үйрену ең тиімді жолдардың бірі болып саналады, - деді ұстаз.

Оның айтуынша, жаңа сөздерді бала игеру үшін бір сабақта түрлі 4-7 тапсырмада кезіктіруі керек.

Дәл осы қағида бұл оқу құралында сақталған. Оның үстіне адам көрген дүниесін 70%-ға жақсы сақтайды. Біз мемлекеттік стандартта берілген жаңа сөздердің 270 сөзіне суреттерді қолданып карточкалармен жұмыстар, ойындарды ойлап таптық. «Бинго» және «Домино» ойындары, сонымен қатар бұл карточкалармен басқа да жұмыс түрлерін жүргіземіз, - деп Нұржан Байсаков сөзін түйіндеді.


Айта кетейік, республикалық семинар «Қазақстанда үштілді білім беруді дамытудың концептуалдық негізі» жобасы аясында өтті.

Өзгелердің жаңалығы