Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордадағы №10 мектеп-гимназиясының мектеп жанындағы лагерінің қызметіне жоспардан тыс тексеріс ұйымдастырылды. Бұл туралы ҚР БҒМ баспасөз қызметінен хабарлады.
«Хан Шатыр» сауда-ойын орталығындағы "Sky Beach Club" бассейнінде қайтыс болған Нұр-Сұлтан қаласындағы №10 мектеп-гимназиясы оқушысының әкесінен ҚР Білім және ғылым министрлігіне 3 маусым күні өтініш келіп түсті. Аталған жағдай бойынша барлық мәселелер ҚР Білім және ғылым министрлігінің тұрақты бақылауында. Осыған байланысты, 9-10 шілде аралығында ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетімен № 10 мектеп-гимназиясының мектеп жанындағы лагерінің қызметіне жоспардан тыс тексеріс ұйымдастырылды», - делінген ведомствоның хабарламасында.
Министрліктің хабарлауынша, аталған факті бойынша 2 қылмыстық іс қозғалған. Мектеп жанындағы лагерьдің жұмысына байланысты барлық материалдар Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментіне жіберілді.
«Жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша және №10 мектеп-гимназиясы директорының қайтыс болған қыз туралы БАҚ-қа берген сұхбатындағы қате айтылған фактілерді ескере отырып, аталған лауазымды тұлғаға және сынып жетекшісіне қатысты ҚР ӘҚБтК 409-бабының 1-тармағына сай "Педагог қызметкердің міндеттерін және педагогикалық этика нормаларын орындамауы немесе тиісінше орындамауы" бойынша сот арқылы әкімшілік жауапкершілікке тарту жөніндегі әкімшілік хаттамалар жасалды. Бүгін мектеп директоры суға кеткен қыздың ата-анасының наразылығын тудырған сұхбат үшін ресми түрде кешірім сұрады», - дейді мамандар.