Елордалық құтқарушылар лифт ішінде қалып қойған адамдарға көмекке келді, деп хабарлайды BAQ.KZ Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, Сарыарқа ауданындағы көп қабатты тұрғын үйлерінің бірінде 3 ересек адам лифт ішінде тұрып қалған.
Лифтке жауапты қызметке жүгініп, күтіп тұрған кезде іштегі әйелге ауа тар болып, өзін жайсыз сезіне бастаған соң, 112 нөміріне қоңырау шалған. Шақыру орнына келген құтқарушылар гидравликалық құралдардың көмегімен лифт есігін ашып, адамдарға шығуға көмектесті. Олар медициналық көмекке мұқтаж емес, - деп атап өтті ведомстводан.
ТЖМ лифтте тұрып қалсаңыз келесі ережелерді еске салады:
- өзіңіз алаңдамаңыз және көршілеріңізді тыныштандырыңыз;
- диспетчерге хабарласыңыз;
- барлық түймелерді қатарынан баспаңыз;
- лифт есіктерін өзіңіз ашуға тырыспаңыз;
- барлық сыртқы байланыс арналарын пайдаланыңыз.