Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елорда әкімдігінде тікелей эфирде «Елорда тұрғындарын вакциналау» тақырыбында өткен брифинг кезінде Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова қаладағы эпидемиологиялық жағдай жайында баяндады.
Қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері айтқандай, елордада COVID-19 індеті бойынша эпидемиологиялық жағдай қолайсыз болып отыр.
Қала әлі де «қызыл аймақта» тұр. 11 маусымнан бастап қалада жағдайлардың тіркелуі өскені байқалып отыр. Соңғы аптада күніне вирус жұқтырғандардың саны 350-ден 620-ға дейін өсті. Сәйкесінше апталық қарқынды көрсеткіш 2,8%-ға өсті, - деді ол.
Сархат Бейсенованың айтуынша, соңғы аптада ауру деңгейін алдыңғы аптамен салыстырғанда 65%-ға өсті. Апталық қарқынды сырқаттану көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 298,2-ні құрады, репродуктивті 1,315.
Сондай-ақ, осы жылдың басынан бері қалада вирус жұқтырғандардың саны 45 мыңнан асты. Пандемия басталғаннан бері 63 968 жағдай тіркелген.
Еске сала кетейік, 27 маусымда елордада карантиндік шектеулерді қатайту туралы жаңа қаулы қабылданды.
Құжатқа сәйкес, мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, кәсіпорындардың әкімшілік қызметкерлерінің кемінде 80%-ы қашықтан жұмыс істеу тәртібіне көшуі керек. Ал вакцинацияны толық қабылдаған қызметкерлер офлайн режимдегі жұмысқа жіберіледі.