Қазақстан және Уругвай сыртқы істер министрлерінің алғашқы кездесуі өтті

18 Қазан 2019, 10:32
3120
Бөлісу:
Қазақстан және Уругвай сыртқы істер министрлерінің алғашқы кездесуі өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Уругвайдың сыртқы істер министрі Родольфо Нин Новоамен кездесті, бұл екіжақты қарым-қатынастар тарихындағы латынамерикалық елдің сыртқы саяси ведомствосы басшысының елімізге жасаған алғашқы сапары.

Келіссөздер аясында министрлер Қазақстан мен Уругвай арасындағы қарым-қатынастардың дамуындағы оң серпінді атап өтіп, екіжақты күн тәртіптің өзекті мәселелерін талқылады, саяси диалогты нығайтудың қажеттілігін растады, сондай-ақ халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша пікір алмасты.

Тараптар Еуразиялық экономикалық одақ пен Меркосур арасында, сондай-ақ "Бір белдеу – бір жол" бастамасы шеңберінде ынтымақтастықты нығайту перспективаларын баса айтып, сауда-экономикалық және инвестициялық бағыттарда ықпалдастықты дамыту маңыздылығына назар аударды.

"Қазақстанның СІМ басшысы шетел бизнес өкілдеріне жасалып жатқан қолайлы жағдайларға назар аударып, уругвайлық тарапты ауыл шаруашылығы саласында бірлескен жобаларды іске асыруға және денсаулық сақтау мен туризм салаларында тәжірибе алмасуға шақырды. Халықтарымыз арасындағы байланыстарды күшейтіп, мәдениеттерімізді жақындату мақсатында тараптар визалық режимді ырықтандыру бойынша тиісті келісімдерді жасасуға қолғабыс көрсетуге уағдаласты", - делінген таратылған ақпаратта.

уруг.jpg

Сонымен қатар, министрлер көпжақты форматта да диалогты нығайтуға мүдделі екендіктерін жеткізді. Ядролық қаруды таратпау және халықаралық терроризмге қарсы күреске ерекше назар аудара отырып, тараптар БҰҰ шеңберінде жаһандық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша сындарлы өзара ықпалдастықты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде, Р. Нин Новоа Монтовидеоның Нұр-Сұлтанмен сындарлы және өзара тиімді қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға ниетті екендігін растап, Қазақстанның СІМ басшысын Уругвайға сапар жасауға шақырды.

Өзгелердің жаңалығы