Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мүмкіндігі шектеулі жандардың халықаралық күні аясында «Мирас-А» қайырымдылық қоғамдық қоры «Қараңғыдағы кешкі ас» іс-шарасын өткізді. Оған өнер қайраткерлері, жазушылар мен кәсіпкерлер және әртүрлі салада жетістікке жеткен ерекше қажеттілігі бар жандар қатысты.
Бүгінгі кешті ұйымдастырушылардың мақсаты - зағип жандардың басын біріктіріп, олардың шығармашылық қабілеттерін арттыруға серпіліс туғызу, көзі көрмесе де асыл сөздің мәнін білетін жандарға қуаныш сыйлап, осындай шараларды ұйымдастыру арқылы оларға қоғамның көңілін аудару.
Өмірдің сынағына шыдап, қайраттылығымен, жігерлігімен, өнерде, спортта, қызметте де және басқа салада да жетістікке жетіп жатқан ерекше кажеттілігі бар зағип жандар өз өнерлерін танымал өнер қайраткерлерімен бірге ортаға салды.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет деген еді. Қазіргі таңда «Тең Қоғам» Әлеуметтік қолдау орталығы аясында Қазақстандағы мүгедектігі бар жандардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында, көз жанарынан айырылған ешкімі жоқ, жалғыс басты панасыз қалған ерекше кажеттілігі бар адамдарға «Тәуелсіз еркін өмір сүру орталығын» салу жоспарда бар. Бұл ғимарат инновациялық бағытта, жаңа қарқында салынады, - деді «Мирас-А» қайырымдылық қоғамдық қорының басшысы, ерекше қажеттілігі бар зағип жан Серік Жүзбай.Көру қабілетінен айырылған Серік Жүзбай осындай іс-шараларды ұйымдастыру арқылы қоғам назарын өзі сияқты мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесіне аударуға көп ықпалы тиетінін айтады.
Нұр-Сұлтан қаласында өткен шараға көптеген қоғам белсенділері мен танымал өнер қайраткерлері қатысып, қайырымдылық шарасына өз үлестерін қосты.