Елордада шығармашыл жастардың XXV халықаралық «Шабыт» фестивалі басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айта кетерлігі, биыл байқаудың түндігі 25-ші рет түріліп отыр. Ұлттық мереке атауы берілген 25 қазан - Республика күні қарсаңында өткізіліп отырған фестивальдің ауқымы жыл өткен сайын кеңейіп келеді.
Байқауға 16 мен 30 жас арасындағы орындаушылар қатысуда. Конкурс жеті аталым: «Скрипка», «АВАК» (альт, виолончель, контрабас), «Фортепиано», «Эстрадалық вокал», «Эстрадалық-музыкалық аспаптар», «Академиялық вокал», «Хорды дирижерлеу» сынды аталымдар бойынша өтеді, - деп атап өтті ұйымдастырушылардың өкілі Батыржан Смақов.
Айтуынша, байқауға 200-ге жуық өтініш келіп түскен.
Фестивальге көптеген елден, атап айтқанда, АҚШ, Ресей, Македониядан білікті қазылар алқасы арнайы шақырылыпты.
Өнер додасына қатысуға еліміздің өңірлерінен ғана емес, Өзбекстан, Қырғызстан Ресей, Жапония, Америкадан 200-ден астам дарынды жас тарапынан өтініштер келіп түсті, - деді Батыржан Смақов.
Байқау бес күнге жалғасады. Нағыз дүлдүлдер додаға түсетін фестиваль өнерпаздарға шабыт сыйлап, олардың өнер әлеміндегі жолын ашатынына сенім мол.