Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Таңертеңнен бастап белсенді жастар шағын автобуспен қаланы аралап, елорда тұрғындарына ыстық шай таратты, деп хабарлады Елорда инфо.
Қытымыр аяздың келуі мен ауа-райының нашарлауына байланысты жастар мен белсенділерден құралған еріктілер тобы #НұрСұлтанқайырымдықала ауқымды акциясын ұйымдастырды. Қар түскелі бері соңғы екі апта бойы еріктілерден құралған жедел топтар зейнеткерлерге, жалғыз басты қарияларға аула аумақтарын қардан тазартуға көмектесіп, қатты аяз күндері адамдар көп жиналатын жерлерде - базарларда, аялдама кешендерінде және т.б. ыстық шай таратады.
Сондай-ақ, белсенділер автокөлік иелерін бірінші кезекте балалары бар әйелдер мен қарт адамдарды тегін тасымалдауға шақырады.
Таңғы сағат 8:00-ден 10:00-ге дейін, сондай-ақ кешкі сағат 18:00-ден 20:00-ге дейін орталықтың 40 еріктісі қаланы аралап, аялдамаларда шай мен кофе таратты. Жастар 1500-ге жуық қала тұрғындарын ыстық сусынмен жылытты. Тоңып қалмау үшін еріктілер ауысыммен жұмыс істеді.
Қазіргі уақытта қалада аяз күшейіп жатыр. Мектептерде сабақтар тоқтатылды. Осындай мейірімді іс-әрекеттермен біз айналаға жылылық, достық атмосферасын жасаймыз, жастарды адамдарға көмектесуге үгіттейміз. #НұрСұлтанқайырымдықала акциясы осы қыс мезгілін толық қамтитын болады, сондықтан біз баршаңызды акцияға қосылуға және мұқтаж жандарға көмек көрсетуге шақырамыз. Әлеуметтік желілерде #НұрСұлтанқайырымдықала хештегімен жақсы істеріңізбен бөлісуіңізді сұраймыз, - деді "Астана Жастары" КММ еріктісі Инабат Қадырша.