Елордада ер адамның басынан 7 см болатын ісік алынды

8 Қараша 2021, 10:23
1786
Бөлісу:
Елордада ер адамның басынан 7 см болатын ісік алынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордадағы Ұлттық нейрохирургия орталығында МӘМС шеңберінде дәрігерлер ер адамның басынан 7 см болатын ісікті алып тастады. Ота жоғары технологиялық медициналық қызмет түріне жатады.

Ұлттық нейрохирургия орталығында жыл сайын күрделі нейрохирургиялық операциялар жасалатыны белгілі. Солардың бірі - 44 жастағы ер адамның миынан 7*7 см глиялық ісік алынды.

Ота пациентке МӘМС шеңберінде квота бойынша тегін жасалды. Мұндай операциялар негізінен тек білікті мамандары бар заманауи диагностикалық және операциялық құрылғылары бар жоғары мамандандырылған орталықтарда сәтті аяқталады, – деп атап өтті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елордалық филиалының өкілдері.

Бұрын пациент басы ауырып, көзі қарауытып, көру, есте сақтау қабілетінің нашарлауына, сол жақ қолының тартылуына шағымданған, сондай-ақ діріл ұстамасы болған.

Дәрігерлер ісіктің мұндай мөлшері пациенттің денсаулығына үлкен қауіп төндіретінін алға тартты. Нейрохирургия бөлімшесіндегі ми патологиясының дәрігерлері отаны 6 сағат жасап, ісікті толығымен алып тастады.

Көлемді ісік миды қатты зақымдаған. Бізге сау тіндерді миллиметрлеп бөлуге тура келді. Одан басқа біз мидың өмірлік маңызды қантамырлары өтетін жолды зақымдап алмас үшін барымызды салдық. Ісікті аларда қозғалыс аймақтарына, сондай-ақ ірі артерияға тиіп кетпеу керек. Жоғары технологиялық жабдықтың арқасында пациентті қандай да бір неврологиялық ақауға ұшыратпай, отадан аман-есен алып шықтық, - деді науқасты емдеген дәрігер Мұратбек Тілеубергенов.

Ұлттық нейрохирургия орталығының кәсіби мамандарының көмегімен емделіп шыққан басқа пациенттер қатары жетерлік.

Маған да орталықта ота мен ем МӘМС аясында ақысыз тегін жасалды. Қалпына келтіру емі де білікті дәрігерлердің арқасында жеңіл өтті. Бәрі жоғары деңгейде. Ұлттық нейрохирургия орталығының мүмкіндіктерін емге мұқтаж басқа да науқастар естісе екен деген ниетпен айтып отырмын, - дейді емделушілердің бірі.

Мен де Ұлттық нейрохирургия орталығында 2021 жылдың 10 қазанынан портал арқылы кезекке тұрып, МӘМС бойынша тегін емделдім. Бәрі жоғары деңгейде, медицинада мұндай қарым-қатынасты бұрын көрмедім, - деп ағынан жарылды Светлана Черкасова есімді емделуші.

Айта кету керек, бұл операция жоғары технологиялық медициналық қызметке кіреді. Ота МӘМС шеңберінде квота бойынша пациентке тегін жасалды. Мұндай хирургиялық араласулар кезінде оң нәтижеге тек заманауи диагностикалық және операциялық жабдықтары, білікті мамандары бар жоғары мамандандырылған орталықтарда ғана қол жеткізуге болады.

Өзгелердің жаңалығы