10-12 мамыр күндері Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында дзюдодан әлемдік "Qazaqstan Barysy Grand Slam" турнирі өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, биыл екінші рет ұйымдастырылып жатқан жарыс айрықша мәнге ие. Өйткені бұл дода дзюдошылар үшін 2024 жылы Парижде өтетін жазғы Олимпия ойындарына ұпай беретін соңғы "Grand Slam" кезеңі болмақ.
"Qazaqstan Barysy Grand Slam" жарысы биыл елімізде екінші рет ұйымдастырылғалы отыр. Былтырғы турнирдің жоғары деңгейде өткеніне спорт кешеніне келген жанкүйерлер де, Халықаралық Дзюдо федерациясының (IJF) өкілдері де куә болып, жоғары бағасын берді. Биыл да ұйымдастырылу мәселесінде мін болмауға тиіс. Себебі елорда татамиінде әлемнің ең таңдаулы балуандары белдесіп, жарыстың жеңімпазы атану, Олимпиадаға берілетін қажетті ұпайды жинау үшін барын салады. Бұл жарыста жерлестеріміз де өнер көрсетеді. Жанкүйерлердің қызу қолдауының арқасында дзюдошыларымыз намысты қолдан бермей, отандастарымызды жігерлі жеңістерімен қуантады деп сенемін. Кейінгі жылдары елімізде дзюдо спорты қарқынды дамып келеді. Отандастарымыз "Үлкен дулыға", Гран-при жарыстары, әлем чемпионаттары мен Олимпия ойындары секілді байрақты бәсекелерге тұрақты қатысып, үнемі жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр, - деп атап өтті Ермек Маржықпаев.
"Grand Slam" ("Үлкен дулыға") – Халықаралық жарыс күнтізбесіне сәйкес "IJF World Tour" аясында өткізілетін әлемдік жарыстар сериясы санатына енеді. IJF ережесі бойынша жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлерінің әлем және Олимпиада рейтингтеріне ұпай қосылады. Атап айтқанда, 1-орынға – 1000, 2-орынға – 700, ал 3-орынға 500 ұпайдан беріледі.
Айта кетейік, Қазақстан дзюдо федерациясы мен Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) екіжақты келісімшартына сәйкес, Қазақстан әлемдік "Grand Slam" жарысын 2026 жылға дейін қабылдайды.