Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті елорданың бас санитарының жаңа қаулысының талаптарын сақталуын тексеру мақсатында рейдтік тексеріс жүрді.
Мобильді топ өкілдері тексеріс жүргізу барысында карантин режимін бұзған 8 объектіні, оның ішінде дүкендерді, барларды, дәмханалар мен лотоклубтарды анықтады.
Нұр-Сұлтан қаласындағы карантиндік талаптардың сақталуына байланысты жедел-профилактикалық шараларды өткізіп тұрамыз. Жаңа қаулы 14 қаңтарда шыққан. Бұл қаулыға сәйкес көңіл көтеру орталықтары, дәмханалар кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істеуі тиіс. Құқық бұзушыларға қатысты жинақталған материалдар Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін қаланың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолданды, - дейді Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметi басқармасының бөлім бастығы Азамат Садықов.
Оның айтуынша, сауда нүктелері мен қоғамдық тамақтану орындарымен қатар, лоторея клубтары карантин режимін бұза отырып, ойынға құмар адамдарды бос уақытын өткізу үшін шақырған.
Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, кейбір ойын-сауық мекемелері мен қоғамдық тамақтану нысандары санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзып, азаматтардың денсаулығына қауіп төндіруде. Мысалы,біз жүргізген тексеріс барысында түнгі уақытта Янушкеевич көшесінің бойында орналасқан «Лото» клубы өз қызметін жүзеге асырғанын анықтдық. Клубта 10 мейман болған, олар карантин шаралары мен әлеуметтік аралықты сақтамастан өз денсаулықтарына қауіп төндірген. Жалпы, мұндай рейдтер күнде жүргізіліп тұрады, - дейді Азамат Садықов.
Тәртіп сақшылары биылғы жылғы 18 қаңтардан бастап қоғамдық тамақтану объектілеріне (мейрамханаларға, дәмхана-барларға және т.б.) әлеуметтік арақашықтықты және санитариялық-алдын алу шараларын сақтай отырып, сағат 07.00-ден бастап 20.00-ге дейінгі аралықта жұмыс жасауға рұқсат етілгенін еске салды.
Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті кәсіпкерлерге карантин шараларын бұзғаны үшін жауаптылық көзделгенін және карантин шаралары сақталмаған жағдайда сот шешімімен қызметін тоқтатуы ықтимал екендігін ескертіп, санитариялық нормаларды сақтауға шақырады.