Елордада «Бұрқасын-2022» фестивалі өтті

21 Ақпан 2022, 09:01
1322
Бөлісу:
Елордада «Бұрқасын-2022» фестивалі өтті
Фото: BAQ.KZ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтанда Есіл өзенінде дәстүрлі «Бұрқасын-2022» қысқы фестивалі өтті, оған екі мыңнан астам адам жиналды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Бұрқасын-2022» іс-шарасын елорда әкімдігі ұйымдастырды.

Фестиваль барысында қатысушылар 10 спорт түрі бойынша сынға түсті: шаңғы жарысы, гір көтеру, армрестлинг, белбеу күресі, арқан тарту, пималы хоккей, қар ату, автоспорт, мотоспорт және қысқы футбол. Дәстүрлі түрде шаңғы жарысынан қатысушылар саны басым. 

«Бұрқасын-2022» фестивалі 22 мәрте өткізіліп отыр. Биыл фестиваль бағдарламасына тағы 2 спорт түрі қосылды: белбеу күресі және қол күресі. Бағдарламаға енгізілген спорт түрлері қала тұрғындарының ұсынысы негізінде іріктелді. Екі мыңнан астам қатысушы тіркелген, олардың ішінде әскери бөлімшелер де бар. Қатысушылардың жасы әртүрлі. Мысалы, шаңғы жарысына 4 жастағы балалар, гір спортына 16-18 жас аралығындағы балалар қатыса алады. Мұның бәрі әр спорт түрінің талаптары мен ерекшеліктеріне байланысты. Әр жас санаты үшін медальдар мен бағалы сыйлықтар қарастырылған. Осы фестиваль арқылы біз қазір Бейжіңде жүрген Олимпиада спортшыларына қолдау білдіргіміз келеді. Олар біздің қолдауымызды сезінгені жөн, – деді елордалық спорт басқармасы басшысының м.а. Самат Жылқыбаев.

Елордада «Бұрқасын-2022» фестивалі өтті

Балалардың осы іс-шараға қатысып жатқаны қатты қуантады. Себебі бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтына баулу балалық шақтан басталады. Сол сияқты ата-аналардың да балаларын спортқа баулып жатқаны қуантады. Фестивальдің ашылуымен құттықтаймын!, – деп атап өтті фестивальдің құрметті қонағы Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев.

Елордада «Бұрқасын-2022» фестивалі өтті

Дамир Майқынов №58 гимназияда дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Биыл оның 13 оқушысы «Бұрқасын-2022» фестивалінің шаңғы жарысына қатысып отыр.

«Бұрқасын-2022» қысқы фестиваліне №58 гимназияның атынан 2004, 2005, 2008 және 2009 жылдары туған 13 оқушымызды әкелдік. Оқушылар ғана емес, мұғалімдер де қатысуға ниет білдірді. Балалардың спортқа, оның ішінде шаңғы спортына деген сүйіспеншілігін арттыру және тәрбиелеу мақсатында осындай іс-шараларға қатысу қажет деп санаймын. Оқушыларымыз жыл сайын осы фестивальге қатысады. Біз өз мектебімізде дайындалып жатырмыз, құрал-жабдықтарымыз да жеткілікті. Оқушыларымыз 500 метр, 1 км және 2 км қашықтықта өнер көрсетеді, – деді мұғалім.

Естеріңізге сала кетейік, фестиваль Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен жастары арасында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткізіледі.

Өзгелердің жаңалығы