Елордада #Бірге ақпараттық науқанынның таныстырылымы өтті

6 Қараша 2023, 12:33
598
Бөлісу:
Елордада #Бірге ақпараттық науқанынның таныстырылымы өтті
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

Бүгін Астанада өзара сыйластық құндылықтарын дамытатын, қоғамның бірлігі мен алуан түрлілігін сақтауға бағытталған #Бірге ақпараттық науқанының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Іс-шараның мақсаты – «араздық тіліне» қарсы іс-қимыл және оны алдын алу, қоғамдағы этносаралық толеранттылықты арттыру және медиа кеңістіктегі азаматтардың қарым-қатынас мәдениетін жақсарту.

Науқанды Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп «MediaNet» Халықаралық журналистика орталығы Конрад Аденауэр атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігінің қолдауымен ұйымдастырды.

МАМ Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғ. Шойкин өз сөзінде ақпараттық науқанның маңыздылығын, интернет пайдаланушылардың әлеуметтік желілерде және күнделікті өмірде этносаралық коммуникация ережелерімен танысуына жәрдемдесудің маңыздылығын атап өтті.

Конрад Аденауэр атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігінің директоры Йоханнес Д. Рай алғы сөзінде, интернет-кеңістіктегі сындарлы мінез-құлықтың, бір-біріне деген жақсы қарым-қатынастың және өркениетті пікір алмасудың қажеттігін айта өтіп, бұл жоба қалың жұртшылық арасында этносаралық «араздық тілі» мәселесі бойынша хабардарлықты арттыруға септігін тигізетіндігін айтады.

Осыған дейін «MediaNet» Халықаралық журналистика орталығы араздық дискурсын зерделеу бойынша медиа алаңда үлкен талдамалық жұмыс пен терең зерттеулер жүргізген.

Жоба аясында қоғамдық орындарда, өңірлерде таратылып, көрсетілетін көрнекі материалдар (плакаттар, сыртқы жарнама баннерлері, анимациялық бейнероликтер) әзірленді.

Науқанның барлық материалдарында #Бірге хэштегі, «Біз әртүрлі болғанмен, Отанымыз ортақ» ұраны, сондай-ақ «араздық тілдің» таралуына жол бермеу мақсатында әзірленген ақпараттық кеңістіктегі мінез-құлық ережелерінің әмбебап және түсінікті жиынтығы «QazNetEtiquette»-ке сілтемесі бар QR-код орналастырылған.

Еске сала кетсек, Әдеп кодексінің таныстырылымы Астана қаласында 2022 жылдың қазан айында өткен болатын.

Өзгелердің жаңалығы