Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада Ұлттық академиялық кітапханада ақын, аудармашы Саят Қамшыгердің «Саған» жыр жинағының тұсаукесері өтті.
Аталған шара Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «2021 жыл – Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» аясында Қазақстан балалар жазушылары мен еліміздің зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «Арайлап атар әр таңым...» атты ақын, аудармашы «Серпер» сыйлығының лауреаты Саят Қамшыгердің «Саған» жыр жинағының тұсаукесері өтті.
Мәдени шара аясында балалар ақын-жазушылары, әдебиет сыншылары, ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен журналистермен авторлық әдеби кеш ретінде Саят Қамшыгердің қазақ, башқұрт, орыс тілдерінде шыққан «Саған» атты жыр жинағының тұсаукесері, башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметовтен аударған «Тастамашы, ана!», «Ертегісіз өткен балалық», «Көше балалары» кітаптары таныстырылды.
Қазақстан Жазушылар Одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы ақынның жасап жатқан дүниелеріне тоқталды.
Саят Қамшыгер - қазаққа қажетті, руханиятқа қажетті, ұлтқа қажетті шаруаны атқарып жүретін біздің досымыз. Мектеп қабырғасынан бір-бірімізбен таныспыз. Саят үлкен ағаларынан баға алған, ақсақалдардан бата алған ақын. «Мен ақынмын» деп сыңар жақтап қана жүрмей, қазақ әдебиетіне не керек, не жетіспей жатыр, соны түгендеп жүр. Туысқан әдебиеттердің жақсы дүниелерін аударып, қыруар шаруа жасап жүрген азамат. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында балалар әдебиетіне көңіл бөлу жөнінде әңгіме айтылды. Осының нәтижесінде «2021 жыл – Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» ұсынылды. Ол көп жерде қолдау тапты, - деп атап өтті ол.
Дәулеткерей Кәпұлының сөзінше, кез келген қазақтың ақынынан, жазушысынан сұрасаң да, балалар әдебиетіне келуге ешқайсысының жүрегі дауаламайды. Себебі ол – өте күрделі өнер.
Балалардың жүрегін жаулау деген, яғни ол періштелікке, өзіңнің адами болмысыңды балалыққа жетелейтін дүние. Әр оқырман, әр қаламгердің қолынан келе бермейтін дүние емес. Сондықтан Саят ақынның жасап жатқан дүниесі қазаққа қажет дүние, жас ұрпақ тәрбиесіне керек, - дейді ақын.
Ұлттық академия кітапханасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдыбалинов кітаптың тұсаукесерінде сөз алып, мәдени шараға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Биыл Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымын «балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп жарияланды. Бүгін бірнеше кітаптың тұсаукесері өтеді. Оқу әлеміндегі оқырман ұлтын қалыптастыру үшін балалар әдебиеті қаламгерлерін қолдау, кітаптарды насихаттау белсенді жүзеге асырылады. Балалар жазушылардың, әлем әдебиетінен көркем аударма ісін дамыту қарсаңында қазіргі заман қаламгерлерін көпшілікке таныту, балаларды кітап оқуға ынталандыруға бағытталды, - деді кітапхана өкілі.
Ол Саят Қамшыгерге шығармашылық шабыт және балалар мен жасөспірімдерді жаңа туындыларымен қуанта беруін тіледі. Мәдени жиын барысында зиялы қауым өкілдері, руханияттың жанашырлары ақынға ізгі ниеттерін білдірді. Одан бөлек, кітаптың тұсаукесеріне қатысқан оқушылар оқынның аудармаларынан монолог, өлеңдерін оқып берді. Саят Қамшыгер шараға келген барлық қонаққа алғыс білдірді.
Сіздерге дән ризамын. Алматыдан уайымдап келген едім. Көп адамдар астанада Алматыдағыдай жылу жоқ деп айтып жатады. Бірақ жылу бар екен. Ол Нұр-Сұлтанды жылытып тұрған сіздердің риясыз көңілдеріңіз, пейілдеріңіз. Балалар монолог, өлеңдерімді оқып жатыр. Өзімді бақытты сезініп отырмын, - деп айтты ақын кітаптың тұсаукесерінде.Саят Қамшыгер 1978 жылы 1 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Кезеңсу ауылында дүниеге келген. Алматы мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы факультетін 1999 жылы үздік аяқтаған. Әр жылдарда Алматы қаласындағы М.Базарбаев атындағы №138 гимназияда мұғалім, Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын республикалық мектеп-интернатта оқытушы, «Қайнар» университетінде аға оқытушы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер болып еңбек еткен. 2005 жылдан Қазақстан Жазушылар одағы басқармасында әдеби кеңесші.
Еске сала кетейік, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Мәдениет және спорт министрлігі «2021 жылды Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп жарияланды.