Елордада балалар арасында синхронды жүзуден жарыс өтті

13 Маусым 2022, 21:23
1222
Бөлісу:
Елордада балалар арасында синхронды жүзуден жарыс өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада Barys Arena Pool олимпиадалық бассейнінің базасында 2010-2015 жылдары туған балалар арасында синхронды жүзуден Нұр-Сұлтан қаласының Ашық кубогы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Қалалық спорт басқармасының ұйымдастыруымен және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен жарысқа еліміздің әр өңірінен келген 80-нен астам спортшы екі күн бойы бақ сынады.

«Қазіргі таңда жүзу спорт түрі, оның ішінде әртістік жүзу елімізде қарқынды дамып келеді. Спортшыларымыз да көптеген жетістіктерімен ел спортының тарихында есімдерін қалдырып үлгерді. Бүгінгі жарысты ұйымдастырған барша азаматтарға еліміздің спорт саласын дамытуға қосқан үлесі үшін зор алғысымды білдіремін. Бүгінгі жарыста үздіктердің үздіктігі анықталып, ең мықтылар жеңіс тұғырынан көрінеді деген сенімдемін», - деді қалалық спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев.

Елордалық командамен қатар жарысқа Алматы, Талдықорған, Қарағанды және Теміртау қалаларынан келген жүзушілер бағдарламаның 4 түрінен (дуэт, жекелей, микс-дуэт, топтық) сынға түсті.

Жарыс қорытындысы бойынша еркін топтық бағдарламаның екі санаты бойынша жеңімпаз командалар анықталып марапатталды. «А» санаты бойынша Талдықорған қаласы мен «В» санатындағы Нұр-Сұлтан қаласының топтық жүзушілері бірінші орынды иеленді
Дуэт бағдарламасы бойынша Алматы, Қарағанды және Талдықорған қалаларынан келген командалар жеңімпаз атанды.

Жеке орындау бағдарламасы бойынша қазылар алқасынан ең жоғары балл алған үздіктер де анықталып марапатталды. Олар: Қарағанды қаласынан келген Дания Шаукенова (51,7000), Елизавета Исхакова (51, 3000) және елордалық Жақсылық Тоғжан (50,2000).

Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласының Ашық кубогы балалар жылына арналып өткізілді.

Өзгелердің жаңалығы