Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада №1 қалалық балалар ауруханасының базасында балаларға арналған оңалту орталығы ашылады.
Орталық жыл соңына дейін Қазақстан өңірлерінде жұмысын бастайтын 8 орталықтың бірі (орталықтар Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Қостанай облыстарында да ашылады). Бұдан бөлек, 2020 жылдың желтоқсан айына қарай бұл өңірлерде мектеп жанынан 16 инклюзияны қолдау кабинеттері (ИҚК) ашылады.
Оңалту орталықтары мен Инклюзия кабинеттері – ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсетуге бағытталған Елбасының «Қамқорлық» әлеуметтік-маңызды бастамасының бір бөлігі. Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы «Қамқорлық» корпоративтік қоры ұйымдастыратын орталықтар мен ИҚК ашылуы балалардың дене, ақыл-ой қабілеттерін дамыту, оларды практикалық өмірлік дағдыларға үйрету сияқты маңызды міндеттерді шешуге ықпал етеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы.
Оның айтуынша, Қазақстанда ресми деректер бойынша БЦС диагнозы бар 26 мыңға жуық бала тіркелген. Сондықтан нейро-ортопедиялық бұзылулары бар балаларды әлеуметтік оңалту ерекше маңызға ие.
Әрбір осындай орталық айына 50-ге дейін және жылына 600-ге жуық баланы тегін қабылдайды. Бұл ретте балалардың 30%-ға жуығы ауылдық жерлерден келеді деп жоспарлануда.
Толыққанды жұмысты қамтамасыз ету үшін оңалту кабинеттерінде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ қолдауымен заманауи жабдықтар орналастырылады. Кабинеттердегі жөндеу жұмыстары жергілікті әкімдіктер күшімен ұйымдастырылды.
Орталық пен ИҚК білікті мамандармен қамтамасыз ету басты мәселе. Біз Қазақстанның барлық өңірлерінен іріктелген 336 медицина қызметкерінің біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды ұйымдастырдық, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы «Қамқорлық» корпоративтік қорының директоры Динара Закиева.
Әрбір жеке орталықта реабилитологтар, неврологтар, психологтар, логопедтер, дефектологтар, эрготерапевтер, емдік-дене шынықтыру нұсқаушылары және т. б. жұмыс істейді.
Осылайша, емдеу мекемелері жанындағы оңалту орталықтарының жұмысы – еліміздегі медициналық оңалту сапасын жақсарту және осындай нысандарға мұқтаж адамдардың жалпы қолжетімділігін арттыру жолындағы нақты қадам болмақ.