Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы Facebook-тегі ресми парақшасында мектеп жасына дейінгі балалардың ата-аналары үшін маңызды ақпарат жариялады.
Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы кезектілікті басқару және қаланың мектепке дейінгі ұйымдарына жолдау бойынша ақпараттық жүйесінің жұмыс режимі өзгергені туралы хабарлады.
Уәкілетті органмен бірлесіп, ауқымды әрі ұзақ мерзімді заңгерлік жұмыс жүргізілді, нормативтік тұрғыдан қаралды. Ақпараттық жүйенің жұмысына заң құжаттарына сәйкес келетін төмендегі өзгерістер енгізілді:
1) кезекке қайта түсетін жаңадан босаған орындарға басымдықпен қолжеткізу мерзімі 3 жұмыс күнінен 1 күнтізбелік күнге дейін қысқартылды. Бұл мектепке дейінгі ұйымдарға, әсіресе мемлекететік тапсырыс орналастырылған жекеменшік мекемелерге орындар бөлуді анағұрлым жылдамдатуға мүмкіндік береді.
Өзгерістер 2019 жылғы 9 қазанда қолданысқа енгізіледі;
2) мектепке дейінгі ұйымдар қызметкерлерінің балалары мен немерелеріне сол ұйымда жұмыс жасау барысында басшының бұйрығы бойынша мектепке дейінгі ұйымға қабылдану құқығы беріледі (тексеру нәтижелері бойынша және уәкілетті органмен келісу негізінде ғана іске асырылады);
Анықтама үшін: қосымша сұрақтардың алдын алу үшін ақпараттық жүйе қызметкерлер мен балалар арасындағы туыстық қатынастың бар-жоғын бақылайды және мұндай балаларға берілген барлық жолдамаларды айрықша белгілеп, берілген жолдамалар хаттамасы арқылы ашық түрде жариялайтын болады.
3) жүйеге енгізілген өзгертулерге сәйкес, туылған күндері арасында бір айдан аспайтын және бір отбасынан шыққан балалар жүйеде "пакеттік" тіркеу қағидаты бойынша тіркелетін болады. Бұл өзгерістер егіз (үш егізек және т.б.) балалары бар отбасылары үшін енгізілген. Енді мектепке дейінгі ұйымда бос орындардың қажетті саны болған жағдайда мұндай балаларға жолдаманы алу бір іс-қимыл арқылы жүзеге асатын болады. Өзгерістер 2019 жылғы 16 қазанда қолданысқа енгізіледі;
4) көптеген ата-ана жүйедегі 2019 жылдың 1 қарашасына дейін орынды алуға қызығушылықты растайтын хабарды байқаған болар. Осы кезеңнен кейін кезек қызығушылық білдіретін өтініштер санына қарай реттеліп, жүйе тек қызығушылықты растаған пайдаланушыларға ғана бағытталатын болады.
Қалған белсенді емес пайдаланушыларға (балабақшада орын алуға қызығушылық танытпаған ата-аналар үшін) қосымша тағы бір ай беріледі, содан кейін егер қызығушылық танытпаған жағдайда, олардың өтініштері кезектен шығарылады.
Орын алуға қызығушылықты растайтын батырма 2019 жылдың 10 қазанында іске қосылады.