Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Онкологиялық орталықтың емханасында қала тұрғындары асқазан обырын анықтау мақсатында тегін қаралып, тексеруден өте алады, деп хабарлады «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-тың елорда бойынша филиалының баспасөз қызметі.
«27 шілдеде сағат 9:00-ден 13:00-ге дейін асқазанның ісікалды ауруларын және асқазан обырының бастапқы түрлерін ерте анықтау мақсатында астаналық онкологиялық орталықтың аумағында ашық есік күні өткізіледі», - делінген хабарламада.
Келесі жағдайларда сізге дәрігер-онкологтардан кеңес алып, тексеруден өту қажет:
- Асқорыту органдары қызметінің бұзылуы;
- Тамақ ішу кезінде жайсыз (дискомфорт) сезіну;
- Қыжыл, жүректің айнуы;
- Қаназдық (анемия), белгісіз себептермен арықтап кету;
- Тез шаршау.
Аталған іс-шара барысында кеуде-іш қуысы онкологиясының жетекші мамандары тегін кеңес береді. Дәрігердің қабылдауына келген әрбір адам онкологтардан квалификациялық көмек ала алады.
Іс-шара Манас көшесі, 17 мекенжайында орналасқан Онкологиялық орталық емханасының 104 және 108 кабинеттерінде өтеді.
Толығырақ ақпаратты 95-40-33, 95-40-34 телефондары арқылы ала аласыз.