Астанада Қарулы күштердің XII Спартакиадасы аясында «Chess star» Шахмат академиясының базасында қорғаныс ведомствосының орталық аппаратының әскери қызметшілері арасында шахматтан турнир өткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қорғаныс министрлігінің, Бас штабтың және Қарулы күштердің құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері шахмат тақтасында логикалық ойлау, қарсыластың жүрісін есептеу және ең дұрыс шешім қабылдау қабілеттерін көрсетіп, жарысты.
Турнирге барлығы 50-ден астам әскери қызметші қатысты. «Chess star» Шахмат академиясы мамандарының берген бағасы бойынша көптеген қатысушылар өз партияларында шығармашылық және стандартты емес идеяларды қолдана отырып, шеберліктерін көрсетті.
Командалық есепте бірінші орындарды Халықаралық ынтымақтастық департаменті және 14776 әскери бөлімі иеленді. Өз категориялары бойынша жеке біріншілікте Стратегиялық даму департаментінің бастығы полковник Марат Жүсіпбеков, Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің аға офицері майор Айман Мүрсәлімова, сондай-ақ 14776 әскери бөлімінің әскери қызметшілері майор Замира Бекмұратова және капитан Сержан Сейтеш жеңімпаз атанды.