Елордада әскери оқу-жаттығу жиындары басталды

Бөлісу:
Елордада әскери оқу-жаттығу жиындары басталды

Елордада запастағы жүз әскери міндетті 99255 әскери бөліміне он күндік әскери оқу-жаттығу жиындарына аттанды. Жиын Астана қаласы қорғаныс істері департаментінің алаңында өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Біз кезкті 10 күндік армия жиындарын өткіземіз. Осы күндері запастан шақырылған 100 астаналық теориялық және практикалық сабақтар арқылы қорғаныс дайындығын арттыратын болады. Олар Қорғаныс министрлігінің полигондарының бірінде жауынгерлік дайындықтан өтеді, – деді Астана қаласы аумақтық қорғаныс бригадасының командирі Омар Орынбаев.

Алматы жоғары әскери институтының 2014 жылғы түлегі Нұрбол Құдайбергенов – әскери бөлімге оралып, қызметін жалғастырғысы келетіндердің бірі.

35-ші гвардиялық десанттық-шабуыл бригадасында екі жыл қызмет еттім. Өкінішке қарай, отбасылық себептеріме байланысты отставкаға кеттім. 2020 жылдан бастап бүгінге дейін жеке кәсіпкермін, ал енді кезекті әскери жиындарға әскери комиссариатқа келдім, әскери бөлімге оралып, қызметімді жалғастырғым келеді, – деді ол.

Жиындарға шақырылған азаматтар осы уақыт аралығында республикалық бюджет қаражаты есебінен орташа айлық жалақысы сақтала отырып, еңбек қызметінен босатылады.

Ал жұмыссыз азаматтар ел бойынша белгіленген ең төменгі жалақы есебінен төлем алады.

Мен 2003 жылы әскерден босатылдым, 21 жылдан кейін мені оқу-жаттығу жиынына шақырып отыр. Бұл шақыруды қуана қабылдадым осылайша Отан алдындағы борышымды ары қарай жалғастырамын, – деді Астана тұрғыны Қалибек Дүйсембаев.

Елордада әскери міндеттілерді жинау шарасы дәстүрлі түрде әр көктем мен күзде өткізіледі. Әскери жиындар бағдарламасын сәтті меңгергендер кезекті әскери атаққа ұсынылатын болады.

Өзгелердің жаңалығы