Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 19-22 маусым аралығында Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының жүлделері үшін әскери оркестрлердің VІІІ халықаралық әскери-музыкалық «Әскери керней» дәстүрлі фестивалі өтеді.
"Маусымның 21 күні сағат 10.00-де Нұр-Сұлтан қаласының «Барыс Арена» мұз сарайында «Әскери керней» фестивалі ақтық сынының ашылу салтанаты өтеді. Бағдарламада – «Саптық концерт және дефиле» жоспарланған. «Бәйтерек» монументі алдындағы алаңда, «Астана» концерт залында әскери оркестрлер елорда тұрғындарына концерттер ұсынады. Ал маусымның 22 күні Нұр-Сұлтан қаласының «Барыс Арена» мұз сарайында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының жүлделері үшін VІІІ халықаралық әскери-музыкалық «Әскери керней» фестивалінің Саптық концерті өтеді", - делінген таратылған ақпаратта.
Салтанатты сәтте үздік оркестр ұжымдарына бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етіледі.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізіліп жүрген фестиваль жыл сайынғы айтулы мәдени оқиғаға айналды әрі ондағы классикалық, халықтық және эстрадалық музыкалық туындылармен қатар, жауынгерлік парад-дефиле, әскери-қызметшілердің қару-жарақпен көрсетілетін танымдық көрсетілімдері елорда халқымен қонақтары үшін ерекше көрсетілім болады.