Елордада арнайы техника құрастыратын зауыттың екінші кезеңі іске қосылады

24 Маусым 2022, 15:04
1238
Бөлісу:
Елордада арнайы техника құрастыратын зауыттың екінші кезеңі іске қосылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мамандандырылған арнайы техникалар құрастыратын зауыт жұмысымен танысты.

Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады.

«Астана – жаңа қала» АЭА индустриялық паркі аумағында орналасқан жобаның жалпы құны 8,8 млрд теңгені құрайды. 

Алғашқы кезеңде кәсіпорында жылына 11 800 бірлік арнайы техниканың бөлшектерін құрастыру, сырлау және дәнекерлеу жұмыстары жүргізілді. Ал екінші кезең толық іске қосылғанда жылына 10 мың толыққанды дайын жүк және мамандандырылған техника шығару көзделіп отыр. 

Шетелдік инвестиция тарту арқылы іске қосылған зауыт 250-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. ИИДМ басшысы кәсіпорын ішкі нарықты арнайы техникамен толыққанды қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортқа шығарылатын өнім көлемінің артуына да елеулі үлес қосатынын атап өтті.

2021-2025 жылдары жүзеге асырылатын жобаның қазіргі таңда екінші кезеңін іске қосуға дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетейік, зауытта көлік құралдарын дәнекерлеу, бояу және құрастыру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар арнайы мамандандырылған техникалардың тестік сынамалары да жинақталады.

Өзгелердің жаңалығы