Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласында "Жанұя" отбасын қолдау институты орталығында "Кәсіпкер ана" жобасы аясында астаналық аналарды кәсіпкерлікке үйреткен менторларды марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлады елорданың ресми сайты.
"Бүгінде әкімдік тарапынан әлеуметтік бастамаларға ерекше мән берілуде. Оның ішінде өз ісін ашып, кәсіппен айналысамын деген жандарға қолдау көрсетіледі. "Жанұя" орталығында жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың бірі "Кәсіпкер ана" жобасы аясында біраз жұмыс істелінгені көрініп тұр. Яғни жоба өзін ақтады және өз тиімділігін көрсетті. Бұл туралы мемлекет басшысы да үнемі өз сөзінде айтып жүреді. Елімізде орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға арналған арнайы бағдарлама да бар. Одан бөлек, гранттар бөлінуде. Бүгінгі марапаттау шарасы соның бір айғағы", - деді қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен.
Айтулы шарада аналарды кәсіпкерлікке оқытқан 20 ментор марапатталды.
"Қалалық әкімдіктің қолдауымен қолға алынан "Кәсіпкер ана" жобасының бірінші кезеңі қорытындылануда. Осы уақытқа дейін әртүрлі әлеуметтік санатқа жататын астаналық аналар кәсіпкерлік бойынша білім алды. Оның ішінде көпбалалы, аз қамтылған және жалғыз басты аналар бар. Бүгін сол аналарды кәсіпкерлікке оқытып, үйреткен менторлар марапатталып жатыр. Менторлар өз білетіндерін тегін үйретіп жатыр. Мақсат – өз кәсібін ашқысы келетін, табыс тапқысы келетін әйелдерге мүмкіндік жасау. Бүгінгі марапаттау рәсіміне ең белсенді деген 20 ментор шақырылды", -деді "Кәсіпкер ана" жас кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы әрі авторы Айнұр Әмірхан.
Оның айтуынша, елордалық аналарды кәсіпкерлікке үйрету курсы өз жалғасын табады.
"Алғашқы үйрету курсынан 68 ана өтті. Олар өз кезегінде әлеуметтік желі арқылы табыс табу, үйде отырып кәсіппен айналысумен (торт пісіру, тігін тігу, сән салоны мамандары және т.б.) үйренді", - деді ол.