Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласында кезекті рет қайырымдылық шарасы өтті. Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себеттері тапсырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бүгін арнайы ұйымдастырылған топ 50-ден аса отбасыға азық-түлік себетін тапсырды. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылар, яғни толық емес, мүгедек балалары бар отбасылар, сол сияқты жалғызбасты зейнеткерлер қала әкімдігінің арнайы тізімінде бар.Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерейтойына орай қала әкімдігінің ұйымдастыруымен жыл басынан бері 30 игі іс бастамасы жүріп жатыр. Оның аясында әлеуметтік аз қамтылған, жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік себеттерін жыл басынан бері тапсырып келеміз. Әр себеттің салмағы – шамамен 30 келі. Себеттің ішінде картоп, пияз, қырыққабат, ұн, жұмыртқа, сұйық май, сүт, айран, шұжық секілді тұрмысқа қажетті өнімдер бар. Бұл жолғы қайырымдылық шарасына Ақмола облысының кәсіпкерлері демеушілік етіп отыр. Игілігі мол шара биыл басталып, жыл соңына дейін жалғасады, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің кеңесшісі Қуаныш Молдабек.
Волонтер Жанна Сейдішованың айтуынша еріктілер тобы ылғи да сауабы мол шараның басы-қасында жүреді.
«Бүгін «Хан Шатыр» СОО жанындағы жәрмеңкеде азық-түліктерді себеттерге бөліп отырмыз. Ары қарай жағдайы төмен отбасыларға таратамыз. Арнайы тобымыз бар», – деп волонтер Жанна Сейдішова жауабын қысқа қайырды.
Қала әкімдігіне өтініш айтып барсам назарынан тыс қалдырмайды. Үнемі көмектесіп тұрады. Жақында баспаналы болдық. Бұрын жер үйде бір бөлмені жалдап тұратын едік. Кезегім келіп жақында жаңа салынған үйден екі бөлмелі пәтер берілді. Тұрмысы төмен жандарға ылғи да қолдау көрсетіліп отырады. Қала әкімдігіне алғысым шексіз, - дейді көпбалалы ана Жазира Сариева.
Айта кетейік, елорда әкімдігінің бастамасымен Нұр-Сұлтанда соңғы жарты жыл «Қайырымды істер» ұранымен өтіп жатыр. «Игі істер» марафоны аясында еріктілер, әкімдік қызметкерлері, елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, бизнесмендер мұқтаж азаматтарға, яғни көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған және ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, жалғыз басты зейнеткерлерге 10 мыңнан астам азық-түлік себетін таратты. Оларға жан-жақты көмек пен қолдау көрсетілді.
Сол сияқты жақында Құрбан айт мерекесі күндері мыңдаған отбасыға құрбандық еті үлестірілді.
«Игі істер марафоны» республикалық жобасы аясында жыл басынан бері елордада 300-ден астам түрлі форматтағы іс-шара жүзеге асырылды. Атаулы әлеуметтік көмек пен қолдау 66 мыңнан астам адамға көрсетілді.