Елордада «Ахмат Қазақстан» жекпе-жек клубы ашылды

26 Тамыз 2019, 18:48
2314
Бөлісу:
Елордада «Ахмат Қазақстан» жекпе-жек клубы ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласында «Ахмат Қазақстан» кәсіпқой спорт клубының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Сондай-ақ, АСА – халықаралық ММА аралас жекпе-жек лигасының басшылығының қатысуымен баспасөз конференциясы ұйымдастырылды.

«Ахмат Қазақстан» жекпе-жек клубы қазіргі уақытта ММА аралас жекпе-жек саласында жетекші әлемдік лигалардың бірі болып табылатын АСА (Absolute Championship Akhmat) халықаралық жекпе-жек лигасының құрамына кіреді. Екі қабатты «Ахмат Қазақстан» клубының қабырғасында ММА, дзюдо, бокс, кикбоксинг, еркін күрес және грепплинг сияқты танымал спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, керемет жаттығу залы жұмыс істейді.

Айтулы шара еліміздегі ММА-ның дамуына елеулі үлес қосып отырған Қазақстанның жекпе-жек өнері қауымдастығының, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің тікелей қолдау көрсетуімен ұйымдастырылды. 

Клубтың ашылу салтанатына АСА лигасының вице-президенті - Асланбек Бадаев, Шешенстан Республикасы Президентінің спорт жөніндегі көмекшісі - Лечи Курбанов, WEC тұжырымы бойынша ММА-дан әлем чемпионы, UFC чемпиондық белбеуіне бұрынғы үміткер - Хермес Франса (Бразилия) сияқты арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Олар Қазақстанның жекпе-жек өнері қауымдастығының бас директоры Абат Имамбаевпен бірге баспасөз-конференциясының басты спикерлері болды.  

«Ахмат Қазақстан» клубының жетекшісі Сұлтан Ичиев алдағы жоспарлар бөлісіп, клубтың болашақтағы дамуы туралы ойын ортаға салды.

«Келесі аптада біздің Фаниль Рафиков АСА лигасы аясында Краснодар қаласында (Ресей) рейтингтік жекпе-жегін өткізеді. Соңғы үш апта бойы Фаниль Хермес Франсаның басшылығымен жаттықты және қазір оның жағдайы өте жақсы. Сондықтан жеңіске жетеміз деген үмітіміз зор. Клубтың қызметіне келер болсақ, біздің есігіміз жаттығуды қалайтындардың барлығына ашық. Балалар ММА, кикбоксинг, дзюдо, еркін күрес, ушу-санда, каратэ секцияларына қатыса алады» - деді ол.

«Ахмат Қазақстан» клубы - бұл қазақтар, шешендер, орыстар, ингуштар, украиндар, қырғыздар, дағыстандықтар сияқты 10-нан астам ұлт өкілдері жаттығатын мульти-мәдени бірлестік. Клубта болашақ спортшыларға жекпе-жек өнерінің қыр-сыры мен дене шынықтыру жаттығуларын меңгертіп қана қоймай, сонымен бірге олардың әрқайсысын патриоттық сезімге баулып, отансүйгіштікке тәрбиелейді және Қазақстанды әлемдік спорт аренасында лайықты түрде таныта білуге үйретеді.

«Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы Қазақстанның жекпе-жек өнері қауымдастығы Кәрім Мәсімовтің басшылығымен жұмыс істей бастады. Біздің қауымдастықтың қолдауымен «Ахмат Қазақстан» мульти-мәдени жекпе-жек клубының ашылуы біздің қарыштап даму қозғалысымызға және еліміздің толыққанды азаматтарын тәрбиелеудегі мақсат-мұратымызға толық сәйкес келеді»,- деді Қазақстанның жекпе-жек өнері қауымдастығының бас директоры Абат Имамбаев.

Клубты астананың сәнді ауданында емес, қала шетінде ашу арқылы «Ахмат Қазақстан» өз алдына балалардың көңілін көшеден спортқа аудару, сондай-ақ халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына қолдау көрсету сияқты маңызды міндеттер қойып отыр.

«Біз осындай клубтың ашылып отырғанына өте қуаныштымыз. Қазіргі таңда АСА-да Арман Оспанов, Евгений Егембердиев, Асылжан Бақытжанұлы, Фаниль Рафиков сияқты мықты қазақстандық спортшы-батырлар өнер көрсетіп жүр. Жақында біз басқа да талантты қазақстандық спортшыларды жекпе-жек алаңында көреміз деп үміттенеміз. Әрбір шешен үшін Қазақстан аса зор маңызға ие. Біз қазақ жері Ұлы Отан Соғысы жылдары мыңдаған отандастарымызға пана болғанын ешқашан ұмытпаймыз», - деп ойымен бөлісті АСА лигасының вице-президенті Асланбек Бадаев.

Бұған қоса, Хермес Франса «Ахмат Қазақстан» клубының өкілдеріне бразилиялық джиу-джитсу бойынша көк және күлгін белбеулер тағайындау туралы сертификаттарды табыстады.

«Бұл менің Қазақстанға бірінші рет келуім емес. Маған қазақ елінің қонақжайлылығы өте ұнайды. Алайда мені әсіресе таңқалдырған дүние - қазақстандық жас спортшы-батырлар. Күн сайын олармен жаттығу жасай отырып түйген ойым - олардың болашағы зор. Мұны нақты айта аламын», - деді ММА-дан бұрынғы әлем чемпионы Хермес Франса.

Баспасөз конференциясының соңында ММА-дағы орасан жетістіктерімен қатар, бразилиялық джиу-джитсудан 4-ші дәрежелі қара белбеудің иегері болып табылатын Хермес Франсаның шеберлік дәрісі өтті. Сонымен қатар іс-шараға қатысушылардың назарына клуб қабырғасында үйретілетін спорт түрлері бойынша да шеберлік көрсетілімдер ұсынылды.

«Ахмат Қазақстан» клубы - бұл кәсіби спортшыларға арналған өзіндік бір әлеуметтік лифт болып табылады. Оның арқасында спортшылар өздерін таныта отырып, әлемнің жетекші промоушендерінің қатарына енуге мүмкіндік алады.

Өзгелердің жаңалығы