Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы елорданың бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова хабарлады. Оның айтуынша, індетке шалдыққандардың арасында ересек тұрғындардың үлесі 80%-ды құрайды.
Ал олардың 53%-ы 25-55 жас аралығындағы азаматтар. 0 мен 17 жастағы коронавирус жұқтырған балалардың үлес салмағы 17%-ды құрап отыр. Атап айтқанда, жыл басынан бері 0 мен 17 жастағы балалар арасында 14361 жағдай тіркелді. Оның ішінде, 12 мен 17 жастағы балалардың 28,2 %-ы, яғни 4061 бала ауырды. Аталған тұлғалардың бұл санаты вакцинациялау тобына жатады. Алайда ата-аналар балаларына екпе салдыруға асықпайды. Олардың өміріне қауіп төндірмес үшін вакцина алуға шақырамын, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар бас санитарлық дәрігер оқушылардың арасында да індет жұқтырғандар бар екеніне тоқталды.
Жыл басынан бері оқушылардың арасында 5929 жағдай тіркелді. Олардың ішінде 365-і дәстүрлі форматта, ад 3345-і онлайн оқыған. 2219 бала қысқы демалыста болған кезде вирус жұқтырған. Мектеп жасынадғы балалар арасындағы аурушаңдық пен оның ағымын талдай отырып, ВАК отырысының шешімі негізінде еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері биыл 9 ақпандағы №8 қаулысына 14 ақпаннан бастап барлық сынып оқушыларын оқытудың дәстүрлі форматына ауыстыру туралы өзгеріс енгізді, - деді Сархат Бейсенова.
Еске сала кетейік, бұған дейін елорданың бас дәрігері астанада ұжымдық иммунитет қалыптасуға жақын екендігін айтқан болатын.