Елордада 4,6 мыңнан астам үй газға қосылды – Алтай Көлгінов

16 Тамыз 2022, 10:48
977
Бөлісу:
Елордада 4,6 мыңнан астам үй газға қосылды – Алтай Көлгінов
Фото: BAQ.KZ

Қала әкімі Алтай Көлгінов өзінің Instagram парақшасында елордадағы газдандыру жұмысы туралы жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Өздеріңіз білетіндей, көгілдір отын қала экологиясына оң әсер етіп, тұрғындардың өмірін едәуір жеңілдеткені  шындық.

Үйлерді газға қосу жұмысын жеңілдету үшін осыған дейін бірқатар шаралар қабылдадық: қажетті құжаттар тізімі қысқарды, жағдайы төмен отбасыларға бөлінетін сома 2 есе ұлғайды, есептегіштер (газды есептеу құрылғылары) тегін беріледі, сол сияқты пайызсыз несие беру бағдарламасы да бар. Мұқтаж азаматтар үйін газға қосу үшін әлеуметтік көмек ала алады. Сәуір айынан бастап материалдық көмек көлемі екі есе артып, 410 мың теңгеден (130 АЕК-ке дейін) асты.Осы әлеуметтік көмек бойынша тамыз айында 188 отбасы өтініш білдірді, оның ішінде 178 отбасыға әлеуметтік көмек тағайындалды, - дейді   Алтай Көлгінов.

Оның айтуынша аталмыш көмекті алғандар арасында зейнеткерлер, мүгедектігі бар жандар, көпбалалы отбасылар және т.б. бар. Жалпы сомасы – 62,5 млн теңгеден астам.

Сонымен қатар ол әлеуметтік көмектің бұл түрін алу үшін өтінімді egov.kz («Электрондық өтініштер» – «онлайн қызметке тапсырыс беру») порталы арқылы беру қажет. «Күтіп ұстау» бағанында тұрғын үйді газдандыру бойынша әлеуметтік көмек, ал «алушы» бағанында – Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы таңдалуы қажет екенін айтып өтті.

Қазіргі уақытта Сарыарқа және Алматы аудандары толықтай көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Ол үшін 680 км-ден астам газ тарату желісі салынып, кварталішілік желілер тартылды. 14 мың абонент газға қол жеткізді, 6 мыңнан астам абонент техникалық шарттар алды, сол сияқты 4,6 мыңнан астам үй газға қосылды. Бұдан бөлек әлеуметтік нысандар газға қосылды. Байқоңыр және Есіл аудандарында газ құбырын тарту жұмысы басталды. Мәселен бұл – Ильинка (Үркер), Өндіріс, Пригородный, Телман елді мекендері, «Family Village», «Garden Village» шағын аудандары және т.б. Шұбар шағын ауданында жобалау жұмысы жүріп жатыр. Ал Есіл және Байқоңыр аудандарында алдымен жеткізуші газ құбырын, келер жылы кварталішілік желілерді саламыз, -  деп жазды қала әкімі

 Сондай-ақ ол газдандыру жұмысы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында екенін де айтты.

Өзгелердің жаңалығы