Елордада 22 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр

1 Шілде 2022, 21:45
972
Бөлісу:
Елордада 22 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маусым айының басында елорданың халықты жұмыспен қамту орталығында 4 781 адам жұмыссыз бойынша есепте тұр, оның ішінде 1 185-і – жастар. 

Жұмыспен қамту іс-шараларымен 4 543 адам қамтылды, олардың саны 1 757 – жастар, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

2022 жылы елорданың 22 мыңға жуық тұрғынын жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастырумен – 7 150 адам, уақытша, мемлекет субсидиялайтын шарамен 3,5 мыңнан астам адам қамтылды. 1 900-ге жуық адам түрлі оқу формаларынан өтеді. Сонымен қатар бизнес идеяларды іске асыруға 350 мемлекеттік грант берілетін болады.

Бүгінде елорданың халықты жұмыспен қамту орталығы «Жастар практикасы», «Әлеуметтік жұмыс орындары», «қоғамдық жұмыстар» бағдарламаларын, «бірінші жұмыс орны», «ұрпақтар келісімшарты» және «Күміс жас» жобаларын іске асыруда.

Жастар практикасы бітірушілердің алған кәсібі (мамандығы) бойынша оқуды аяқтағаннан кейін 3 жыл ішінде бастапқы жұмыс тәжірибесін алуға арналған. Биыл осы жұмыс аясында мыңға жуық адамды қамту жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда бағдарламаға білім беру ұйымдарының 231 түлегі қатысады, оның ішінде 187 адам жоғары оқу орындарын, 44 колледжді бітірген.

Жұмыс беруші жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін олардың жалақысын субсидиялай отырып, әлеуметтік жұмыс орындарын құрады. Жұмыс уақытша, оның ұзақтығы 12 айдан аспайды. 2022 жылы 130 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр.

«Бірінші жұмыс орны» жобасының қатысушылары – 29 жастан аспаған, оның ішінде NEET санатына жататын, жұмыс тәжірибесі жоқ жастар болып саналады. Субсидия мөлшері айына 30 АЕК-ті құрайды. Жобаға қатысу ұзақтығы – 18 ай. Биыл 179 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр.

Қоғамдық жұмыстарға елорда тұрғындарын алдын ала кәсіби дайындықсыз жұмысқа орналастыруға болады. Жұмыс ұзақтығы 12 айдан аспайды. Биыл қоғамдық жұмыстарға 2 мың адамды, оның ішінде жастар арасынан мың адамды жіберу жоспарда бар.

Сонымен қатар, 2022 жылы екі жаңа жоба іске қосылды:

- Зейнеткерлік жас алдында жұмыс істеп жүрген адамдардың жинаған тәжірибесі мен дағдыларын жастарға үйретуге арналған – Ұрпақтар келісімшарты. 2022 жылға жоспар 31 адамды құрайды. Төлем 30 АЕК немесе 91 890 теңгені құрайды;
- Күміс жас – зейнеткерлік жас алдындағы (зейнеткерлікке шыққанға дейін екі жыл бұрын) адамдарды тұрақты жұмысқа орналастыру үшін жаңа бағыт. Биылға жоспар – 255 адам, субсидиялау жалақының 50%-ын құрайды, бірақ 25 АЕК-тен аспайды.

Жалпы, бұл жобалардың тиімділігі туралы айтатын болсақ, атқарылған шаруаларға қарап-ақ баға беруге болады. 2021 жылы қоғамдық жұмыстарға 2848 жұмыссыз азамат орналастырылды, оның ішінде 452 адам тұрақты жұмыс орнына орналастырылды. Жастар тәжірибесі аясында 914 түлек жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 284 елорда тұрғыны тұрақты жұмыс орнын алды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 185 жұмыссыз азамат жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 24 адам – тұрақты жұмыс орнына. Алғашқы жұмыс орны бойынша 91 адам жұмысқа орналастырылды, - деп хабарлады халықты жұмыспен қамту орталығында.

Мемлекеттік жобаларға жұмыс берушілердің өздері де үлкен қызығушылық танытып отыр. Жастар практикасын ұйымдастыруға 436 жұмыс беруші қатысып, 1996 жұмыс орнын ашты. Жұмыссыздарды қоғамдық жұмыстарға орналастыру үшін 2164 жұмыс орнына 324 жұмыс берушімен келісімшарт жасалды.

Бірінші жұмыс орнын ұйымдастыру үшін 816 жұмыс орнына 77 жұмыс беруші қатысады. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға 94 жұмыс беруші қатысып, 1333 жұмыс орнын құрды. Жалпы, жұмыспен қамтудың белсенді шараларының тиімділігі туралы айтсақ, соңғы 10 жыл ішіндегі статистика бойынша елордадағы жұмыссыздық деңгейі тұрақты түрде төмендеді. Мысалы 2013 жылы қаламызда жұмыссыздық деңгейі 5,5%-ды, 2014 жылы 5,1%-ды және 2019 жылы 4,4%-ды құрады, - деп толықтырды ведомстводан.

Өзгелердің жаңалығы