Елордада 10 мыңнан астам азық-түлік себеті таратылды

21 Шілде 2021, 15:58
5094
Бөлісу:
Елордада 10 мыңнан астам азық-түлік себеті таратылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінде өткен баспасөз мәслихаты кезінде қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов хабарлады. Бұл игі іс тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу аясында ұйымдастырылған.

Айта кететін жайт, тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліпті. Соның ішінде жыл басынан бері елордада 300-ден астам шара өткізілген. Оның ішінде, халықаралық деңгейде – 11, республикалық деңгейде – 15, қалалық деңгейде 218 шара қамтылған.

Қайырымды істер марафоны» ұранымен өткен шаралар аясында әкімдік қызметкерлері мен еріктілер, Қазақстан халқы ассамблеясының қалалық бөлімшесінің өкілдері мен кәсіпкерлер жұмылдырылып, 6 айдың ішінде 10 мыңнан астам азық-түлік себеті таратылды, - деді басқарма басшысы. 

Оның айтуынша, еріктілердің көмегі, әсіресе, қыста сезілген. Олар көмекке мұқтаж отбасылардың аулаларын қардан аршып, дәрі-дәрмек әкелуге қол ұшын созған. «Қайырымды істер марафоны» шеңберінде наурыз айының басында әкімдік бастама жасап, мүмкіндігі шектеулі жандар, жалғызбасты аналар, көпбалалы отбасыларға 2 мыңнан астам азық-түлік үлестіріліпті.

Әкімдік өкілі карантин біраз шараларға қолбайлау болғанымен, игі істер жыл соңына дейін жалғасын табады деп отыр. Азық-түлік себетімен шектеліп қалмай, шын мұқтаж жандарға жан-жақты жәрдем көрсетілетіндігін алға тартты.


 


 

 

Өзгелердің жаңалығы