Елордада 10 ардагер 1,5 млн теңгеден алады

28 Сәуір 2023, 16:43
917
Бөлісу:
Елордада 10 ардагер 1,5 млн теңгеден алады
Фото: astanatv.kz

Елордада Ұлы Отан соғысының 10 ардагері 1,5 млн теңгеден алады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы «Астана қаласы коммуникациялар қызметінің» баспасөз орталығында өткен брифингте Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб мәлімдеді.

Мамыр айының алғашқы он күнінде әртүрлі мерекелерді атап өтеміз. Атап айтқанда, 1 мамыр күні - Қазақстан халқы бірлігі күні. Бұл мерекені тойлауды бастап кеттік. Елімізде 120-дан аса этнос өкілдері тұратынын білесіздер. Қиын-қыстау кезеңде қазақ жері осы ұлттарды бауырына басқан. Оларға еңбек етіп, дамуға мүмкіндік берді. Сондықтан бұл мерекені қазақ халқына алғыс айту күні деп айтуға толық себеп бар, - деді ол.

Мамырда тағы 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күні атап өтіледі.

Илья Скуб атап өткендей, мерекеге орай әкімдік біржолғы төлемдер қарастырып отыр. Оған шамамен 250 млн теңге бөлінді.

Ардагерлер туралы заң аясында азаматтарымыз осы төлемдерді алады. Яғни Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген азаматтар 35 АЕК, дәлірек 120 мың теңгедей біржолғы төлем алады. Бұл санатқа жататын 436 адам бар. Сонымен бірге басқа елдің территориясында жауынгерлік іс-қимылға қатысқан 899 адам да 120 мың теңгедей алады. Сондай-ақ заң аясында тыл еңбеккерлері, қайтыс болған әскерилердің отбасы, жұбайы 11 АЕК немесе 37 мың теңгедей біржолғы төлем алады. Қалада бұл санатта 2 316 адам бар, - деп айтты Скуб.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне де әкімдік 1,5 млн теңге көлемінде біржолғы төлем беретінін айтты.

Былтыр Ұлы Отан соғысының 18 ардагерлерін ұлықтаған едік. Өкінішке қарай, биыл бізден бірге 10 ардагер ғана қалды. Осы ретте меценаттарды, ірі кәсіпкерлерді осынау мерекеде ардагерлерге құрмет көрсетіп, аз да болса көңілдерін бөлуге шақырғым келеді, - деді ол брифингте.

Өзгелердің жаңалығы