Астанада "Елорда жастары" тұрғын үй бағдарламасы іске асырылуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Елорда әкімдігінің мәліметінше, оған "Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй" бағдарламасы бойынша келісімшарты 2025 жылдың басында аяқталатын жастар қатыса алады.
17 ақпаннан бастап "Отбасы банкінде" "Елорда жастары" тұрғын үй бағдарламасы аясында осы азаматтарды одан әрі кредиттеуге төлем қабілеттілігін растау рәсімі басталды.
Төлем қабілеттілігін тексеруге жолдамаларды тұрғын үй орталығы электрондық және қағаз форматта ұсынады. Электрондық нұсқалар қатысушыларға WhatsApp арқылы көрсетілген телефон нөмірлеріне жіберіледі.
Біліктілік алу үшін қажетті құжат берілген сәттен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде жарамды болады.
Жолдамасы бар жастарға квалификация алу үшін мына мекенжайлар бойынша банк филиалдарына жүгіну қажет:
- Р.Қошқарбаев даңғылы, 26;
- Қажымұқан көшесі, 12а;
- Мәңгілік Ел даңғылы, 27;
- Бейбітшілік көшесі, 25.
Естеріңізге сала кетейік, "Елорда жастары" бағдарламасы жастарға жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген тұрғын үй несиесін ұсынады.
Қарыздың ең жоғары сомасы 18 миллион теңгені құрайды, бұл ретте жинақтау мерзіміне қарамастан, тұрғын үйдің нарықтық құнының 10 пайыз мөлшерінде бастапқы жарна қажет.
Несиелеу мерзімі 19 жылға дейін жетуі мүмкін. Бағдарламаға қатысушылардың бастапқы және қайталама нарықта өз тұрғын үйлерін сатып алу мүмкіндігі бар.