Елорда тұрғындарын «Қайырымдылық істер марафонына» қосылуға шақырады

19 Қаңтар 2024, 01:21
421
Бөлісу:
Елорда тұрғындарын «Қайырымдылық істер марафонына» қосылуға шақырады
Фото: Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Астанада мұқтаж жандарға көмек көрсетуге бағытталған «Қайырымдылық істер марафоны» ауқымды акциясы жалғасуда. Елорда тұрғындарын игі іске қосылуға шақырады, деп хабарлайды BAQ.KZ қалалық әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Қайырымдылық істер марафонының» басты мақсаты – еріктілер мен қаланың барлық тұрғындарына халықтың әлеуметтік қорғалмаған санаттарына, қарттарға, мұқтаж жандарға, зейнеткерлерге барынша көмек көрсетуге мүмкіндік беру.

Акцияға қатысушылар зейнеткерлер мен жалғызбасты қарттардың аулаларындағы қарды тазалайды, халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан отбасыларға азық-түлік себеттерін тасымалдайды, қарттарға ағаш кесуге көмектеседі және коммуналдық қызмет мамандарына ыстық шай ұсынады.

Кез келген адам еріктілер қатарына қосыла алады. Ол үшін «Астана Жастары» жастар ресурстық орталығының Instagram аккаунтына хабарлама жазу қажет.

«Қайырымды істер марафоны» акциясы аясында сіздер біздің қатарымызды толықтырып, ерікті бола аласыздар. Қазақстанның болашағы жастардың қолында екенін есте сақтаңыз, - дейді астаналық жастар.

Естеріңізге сала кетсек, «Қайырымдылық істер марафоны» басталғаннан бері елордалық еріктілер жеке секторларда жалғыз тұратын 35-тен аса зейнеткердің үйінің маңайын қардан тазартты. 50-ге жуық іс-шара өткізілді. Мысалы: жалғызбасты зейнеткерлерге бару, коммуналдық қызмет мамандарына ыстық шай мен бауырсақ тарату, қар тазалау, жануарларға арналған орындарға бару, жалғызбасты зейнеткерлердің үйін жинауға көмектесу, азық-түлік себеттерін тасымалдау.

Өзгелердің жаңалығы