Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі алаңдар мен саябақтарда, қоғамдық орындарда «Елорда наурызы - 2021» акциясын өткізді.
Мекеме ұйымдастырған акция сапаржай, теміржол вокзалы, сауда орталықтарында жалғасын тапты.Акцияның негізгі мақсаты - Ұлыстың Ұлы күні – «Наурыз» мейрамын насихаттау. Сондай-ақ наурыздың маңыздылығын, ерекшелігін көпшілікке жеткізу, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерді дәріптеу. Сонымен қатар халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлай отырып, Наурыз дәстүрлерін санаға сіңіру, қоғамды мейірімділікке, достыққа, бейбітшілікке баулу.
Іс-шара барысында насихатшы жастар тобы халықты Наурыз мейрамымен құттықтады.
Волонтерлер қазақтың дәстүрлеріне, ұлттық құндылықтарына қатысты сұрақ-жауап ойындарын өткізіп, белсене қатысқандарға құттықтау сыйлықтарын табыстады.
Сондай-ақ жастар ел алдында өз өнерлерін паш етіп, оларды мемлекеттік тілде сөйлеуге, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, Наурыздың маңыздылығы мен ерекшеліктерін түсінуге, дәстүрлі мейрамды сезінуге шақырды.
Акцияға қатысқан көпшілік алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді.