Елордалықтар сәбилеріне қандай есімді жиі таңдайтыны белгілі болды

19 Желтоқсан 2019, 20:59
2717
Бөлісу:
Елордалықтар сәбилеріне қандай есімді жиі таңдайтыны белгілі болды
Серіктестік материал

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада жыл басынан бері 29 мың 850 туу туралы акт жазба тіркелген. Оның ішінде ұлдардың саны - 15 мың 640, ал қыздар - 14 мың 210. 

Бұл туралы "Қазақ радиосына" берген сұқбатында Нұр-Сұлтан қаласы Әділет департаменті АХАТ және апостілеуді қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Раушан Зарирова айтты.

Оның айтуынша, биыл дүние есігін ашқан ұлдарға Әлихан есімі жиі қойылған. Сондай-ақ қыздарға Медина есімі ең жиі таңдалған.

Биыл дүниеге келгендер арасында Әлихан - 315, Медина 398 рет қойылған. Жиі қойылатын есімдердің қатарында Әмір, Әли, Айсұлтан, Рамазан, Омар, Ислам бар. Қыздардан Мединадан бөлек, Раяна, Әмина, София, Асылым, Мәриям деген аттар биыл жиі таңдалған. Үкілім, Сырғалым, Ағзам, Тәуекел, Ұлағат, Хазірет есімін алған сәбилер сирек болса да, елордалық отбасылардың шаңырағын шаттыққа бөлегендердің қатарында тұр. Халықтың сүйіспеншілігіне бөленген тұлғалардың есімдері де биыл жиі таңдалған. Олардың ішінде Қарақат (Қарақат Әбілдина), Мақпал (Мақпал Жүнісова), Фариза (Фариза Оңғарсынова) есімдері бар - дейді маман. 

2018 жылы 30 мың 800 сәби дүниеге келген. Әділет департаменті өкілінің айтуынша, елордада күн сайын 250-300-дей бала өмірге келеді. 2019 жылдың аяқталуына 10 күннен астам уақыт барын ескерсек, әлі талай отбасында іңгәлаған сәби үні естіліп қалар. Шаңырақтың шаттығы болар сәбилеріміз аман болсын!

Өзгелердің жаңалығы