Елорда әкімі қала тұрғындарын вакцина алуға шақырып, үндеу жасады

21 Шілде 2021, 14:32
1450
Бөлісу:
Елорда әкімі қала тұрғындарын вакцина алуға шақырып, үндеу жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қала әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында қала тұрғындарына өздерін, жақындарын және айналасындағы жандарды қорғау үшін вакцина алуға шақырды, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Коронавирус індетін локдаун, шектеу шараларын енгізу арқылы жеңе алмаймыз. Бұл шаралар COVID-19 инфекциясының таралу көрсеткішін уақытша төмендетуге ғана мүмкіндік береді, ал бұл, өз кезегінде, науқастарды аман алып қалуға септігін тигізеді.

Пандемияны вакцинация арқылы ғана жеңуге болады. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру әрқайсымызға тікелей байланысты. Себебі ұжымдық иммунитет қалыптасқанда ғана оқушылар мен студенттер сабағын оффлайн режимде оқи алады, сол сияқты кәсіпорындардың бәрі карантиндік шектеусіз жұмыс істейтін болады. Ең бастысы – адам өлімінің саны азаяды. Бұл жай сандар емес, әрқайсысында бір адамның өмірі мен олардың отбасыларының тағдыры тұр!

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында медицина мекемелерінің дәрігерлерімен эпидемиологиялық ахуалды талқыладық, - деп жазды Көлгінов.

Бірінші. Мобильді бригадалар санын арттыру.

Қалада коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастардың үйіне баратын 186 бригада бар. Олар науқастардың денсаулығын тексеріп, ПТР алады, сондай-ақ қарым-қатынаста болған азаматтарды тексереді. Бригадалар санын тағы 100-ге көбейту тапсырылды. Енді 300-ге жуық мобильді бригада қызмет ететін болады.

Екінші. Медицина мекемелерін барынша жабдықтау.

Медицина мекемелерін қажетті аппараттармен жабдықтауды биыл да жалғастырамыз. Мәселен, қосымша жылжымалы рентген аппараттары, пациент мониторлары, перфузорлар және т.б. жеткізілді.

Мысалға өткен жылдың өзінде медицина мекемелері 1 мыңнан астам флуометрмен, 330-дан астам оттегі концентратымен, 50-ден астам өкпені жасанды желдету аппаратымен толықтай жабдықталды. Сондай-ақ КТ аппараттары, цифрлы рентгенографиялық жүйелер, оттегі резервуарлары және т.б. орнатылды. Бұл бағыттағы жұмыстар ары қарай да жалғасуда, - деді қала әкімі.

Үшінші. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету.

Дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс құралдарының екі айлық қоры болуы тиіс.

Төртінші. Вакцинация қарқынын арттыру.

Медицина мекемелерінің бәрінде, сол сияқты ірі сауда ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінде вакцинациялау пункті ашылды. Сонымен қатар, еңбек ұжымдарын вакцинациялау үшін көшпелі бригадалар ұйымдастырылды. Қазір 318 мыңнан астам адам вакцина алды.

Сондай-ақ, санитарлық нормаларды сақтау бойынша мониторингтік топтардың жұмысы күшейтілді.

Вакцинация – бұл жай ғана таңдау емес. Алдыңызда екі таңдау тұр, вакцинация арқылы толыққанды салауатты өмірді таңдайсыз немесе аурухана төсегіне таңылып, індетпен күресуіңізге тура келеді. Себебі коронавирус адам ағзасын әлсіретіп, денсаулыққа қатты соққы береді. Мұндай қауіпті шақта денсаулығыңызды қатерге тікпеңіз. Вакцинация ғана өзіңізді, жақындарыңызды және айналаңыздағы адамдарды қорғауға мүмкіндік береді! - деп жазды елорда әкімі.


Өзгелердің жаңалығы