Павлодар, BAQ.KZ. Елорда мерекесі қарсаңында Генерал Дүйсенов көшесі, 138/1 мекенжайы бойынша орналасқан 144 пәтерден тұратын тоғыз қабатты екі үй пайдалануға берілді. Бұл туралы pavlodarnews.kz. сайты хабарлады.
Үйлердің бірінде 36 екі және үш бөлмелі пәтерлер болса, екіншісінде 10 бір бөлмелі, 27 екі бөлмелі және 35 үш бөлмелі пәтер бар. Бір шаршы метрі 165 мың теңгені құрайды. Облыс әкімі Болат Бақауов жаңа қоныс иелерін мерекемен құттықтап, тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына пәтер кілттерін табыс етті.
«Біздің мемлекеттің басты саясаты - халықтың әл-ауқатын арттыру, Үйі бардың күйі бар» деп халық даналығында бекер айтылмаған. Қазақ халқы шаңырағына әрқашан үлкен мән берген. Баспана кредиттік тұрғын үйді жүзеге асыру бойынша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ мен «Павлодар» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арасындағы бірлескен келісім аясында ұсынылып отыр. Бүгін қала орталығындағы үйдің кілттерін аласыздар. Саябақта бір мезетте 1000 адам келе алатын үлкен аквапарк салынып жатқаны белгілі. Спорт мектебінің аумағы абаттандырылады, автотұрақ кеңейтіледі. Әр отбасына береке-байлық пен бақытты өмір тілеймін!», - деп атап өтті облыс әкімі.
Аталған үйдің 20 пәтері Павлодар мұнай-химия зауытының қызметкерлеріне, қалған үш бөлмелі пәтерлер «Өз үйім» жобасы бойынша «ТЖҚБ» АҚ арқылы берілді. Өз кезегінде ПМХЗ әлеуметтік жауапкершілік аясында өз жұмыскерлеріне тұрғын үй сертификаттарын табыс етеді. Облыстық қорғаныс басқармасы жинақтау бөлімінің бастығы Қуат Құсбеков үш бөлмелі пәтерге ие болды.
«Бұған дейін 16 жыл бойы жалдамалы үйде тұрып келдік. Оны Қорғаныс министрлігі төлеп беріп отырған. Бірақ өз үйіміздей болмады. Жамбыл облысынан келгенмін. Үш ұл мен үш қызымыз бар. Балалар Қазақстанның көптеген қалаларындағы мектептерде оқыды. Төрт жыл бойы есепшотта қаржы жинап, бүгін баспаналы болып отырмын»,- дейді әскери қызметші.
Баспанасыз жүрген азаматтар үшін бұл банк арқылы пәтер алу өте тиімді. 2015 жылдан бастап тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде есепшот ашқан Айсұлу Жағыпарова ұл бала туғаннан кейін үйді кеңейту туралы шешім қабылдаған.
«Бүгін үш бөлмелі пәтердің кілтіне ие болдық», - дейді ол. «Алғашқы жарна 20 пайызды құрады. 15 жылға алып отырмыз. Колледжде оқытушы болып жұмыс істеймін. Бес адам тұрамыз» - дейді ол.
Айта кетерлігі, облыста жыл басынан бері «ТҚЖБ» АҚ-ның 1355 салымшысы өз баспанасына қол жеткізген. Сондай-ақ, 7000 тұрғын биылғы жылы есепшот ашып, алдағы уақытта қоныс тойын атап өтпек.