Елордада әліпби нұсқалары талқыланады

13 Ақпан 2020, 21:32
1706
Бөлісу:
Елордада әліпби нұсқалары талқыланады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен 14 ақпанда елордадағы "Marden" Бизнес-орталығында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ тілі әліпбиін жетілдіру жөніндегі тапсырмасы бойынша ашық талқылау шарасы өтеді.


Ш. Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастыратын шараның мақсаты – орфографиялық жұмыс тобы әзірлеген әліпбидің жетілдірілген нұсқалары мен өзге де ұсынылған әліпби жобаларын талқылау. 

Республикалық көлемде барлық өңірлерде өтетін ашық талқылау жергілікті Тіл басқармалары арқылы ұйымдастырылып, оған филолог ғалымдар мен әдіскерлер, жоғары және орта білім беретін оқу орындарының тіл мамандары қатысады.

Талқылау барысында ұсынылған қорытындылар мен ұсыныс, пікірлер ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінде жинақталып, оған мониторинг жүргізіледі.

Мониторинг қорытындылары Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық, Терминологиялық, Әдістемелік, Сараптама және  Техникалық сүйемелдеу топтарының бірлескен кеңесіне ұсынылып, талқыланады.

Жұмыс тобының ғалымдары ұсынылған әліпби жобаларын талқылап, ғылыми негіздемемен қорытынды шығаратын болады.


Өзгелердің жаңалығы