Елнұр Өтебаев: Түркістанда 658 елдімекен 3G, 4G мен 111 елдімекен 2G қамтылды

31 Қазан 2022, 16:05
1894
Бөлісу:
Елнұр Өтебаев: Түркістанда 658 елдімекен 3G, 4G мен 111 елдімекен 2G қамтылды
Фото: автордан

Соңғы жылдары күнделікті өмірімізге цифрландыру деген сөз түбегейлі еніп кетті. Шынтуайтында Қазақстанды цифрландыру еліміз Тәуелсіздік алғалы жүйелі түрде біртіндеп жүзеге асырыла бастады, деп хабарлайды Түркістан облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

 Осыдан төрт жыл бұрын «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданған болатын. Мақсаты – қазақ елінің экономикасын барынша дамытуды қолға алу және цифрлық технологиялар негізінде тұрғындардың өмір сапасын жақсарту. Осы ретте Түркістан облысында интернет сапасы мен цифрландыруға қатысты тағы басқа қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны жөнінде өңірдің цифрландыруды дамыту, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Елнұр Өтебаевпен аз-кем сұхбаттасқан болатынбыз. 

– Елнұр Рахымбердіұлы, әңгімемізді Түркістан облысы бойынша цифрландыруды дамыту мәселесі қалай жүргізіліп жатқанын айтудан бастасақ. 

– Облысымызда цифрландыру саласында бірқатар оң өзгерістерге қол жеткізілді. Оның ішінде атап айтар болсақ, ең бірінші және ең өзекті мәселе бұл интернет сапасы. Мысалы, 2019 жылы 838 елді мекеннің 380-і 3G, 4G мобильді интернетімен, 306 елдімекен 2G байланысымен қамтылса, 152 елдімекенде мүлдем байланыс болмаған. Ал қазіргі таңда 658 елдімекенде 3G, 4G мен 111 елдімекен 2G, ал мүлдем байланыс жоқ елдімекендер саны 62-ге қысқарды. Одан бөлек, басқарма тарапынан бірнеше сәтті жобалар іске асырылды. Оның ішіндегі атап өтетін тиімді жоба, бұл  облыстағы мемлекеттік органдардың байланыс арнасы қызметін оңтайландыру. Осының арқасында соңғы үш жылда 929 млн теңге қаржы үнемделді. Ал осы жылдың шілде айында Түркістан облысының «109» байланыс орталығы іске қосылды. Бүгінгі таңда 10231 өтініш өңделді, оның 209-і мерзімі кешіктіріліп орындалған. Орталықтың жұмысын қамтамасыз ету мақсатында «Цифрлық даму орталығы» КММ құрылды. Өткен мәслихат сессиясында 36 штатқа айлық жалақысы бойынша қаржысы бекітілді. Орталықтың негізгі атқаратын жұмысына 109 байланыс орталығы, кабельдік кәріздер, әкімдіктің ситуациялық орталығы, жобалық кеңсе, облыстағы ауылдық елді мекендердің байланыс сапасына талдау жұмыстарын жүргізу жатады. 

– «Сергек» жобасы туралы айта кетсеңіз? 

– Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2020 жылы Түркістан облысы Қазақстан Республикасы бойынша жол апатынан қаза тапқандар саны бойынша 2-ші орында болған. Осыған байланысты, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Сергек» жобасы іске қосылды. Жоба аясында Түркістан қаласына 26 жол қиылысына аппараттық кешен, 200 жалпы бейнебақылау камерасы және желілік учаскелерде 40 кешен орнатылды және облыстық маңызы бар жолдарға 43 кешен орнатылды. Бұдан бөлек, аймақтың геосалықтық мониторингі бар. Геопорталға 60-тан астам тақырыптық қабаттар жүктелген, мәліметтер базасындағы объектілердің жалпы саны 14 миллионнан асады. Геопорталда 350-ден астам пайдаланушылар ақпаратқа қолжетімділіктің аумақтық және тақырыптық бөлінуімен тіркелген. Айталық, пайдаланылмаған егістік жерлерді анықтау мақсатында облыстың төрт ауданында ауылшаруашылық жерлеріне ғарыштық мониторинг жүргізілді (3698 га), 1125 жерді тартып алу және жерді мақсатсыз пайдалану бойынша 505 факті анықталды. Сонымен қатар, космомониторинг арқасында 2021-2022 жылдар аралығында екі жыл қатарынан құрылысы тоқтаған 6467 нысан мен 1512 жаңа коммерциялық нысандар анықталды. Аталған фактілердің барлығы салық органдарына жолданды. Өз кезегінде, облыстық мемлекеттік кірістер департаментімен бірлескен меморандум бекітілді. Меморандум аясында басқарма тарапынан 134 676 салық төлемеген тұрғындарға смс хабарламалар жіберіліп, ескертудің нәтижесінде бюджетке 410 миллион теңге қаржы түсті.

– «Сергек» камераларына тоқталсаңыз, қанша камера бар? «Сергек» қойылғалы көрсеткіштер жақсарды ма? 

– Статистикалық мәліметтерге сәйкес, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Сергек» жобасы 2022 жылдың наурыз айынан бастап іске қосылды. Негізі жоба 2021 жылы пилот ретінде басталған болатын. Пилоттық жобаны іске асыру кезінде жол-көлік оқиғаларынан қаза болу мен зардап шеккендер саны тиісінше 31%-ға және 41%-ға төмендеді. Сонымен қатар, биыл қосымша 43 кешен облыстық және республикалық маңызы бар жолдарға қосылды. Өткен жылы 871 миллион теңге айыппұл салынса, биыл наурыз айынан бастап 1,771 миллион теңге айыппұл салынып, оның 903 миллион теңгесі облыстық бюджетке өндірілді. Түркістан қаласында 200 дана «Сергек» жалпы бейнебақылау камерасы және қала әкімдігімен 2020 жылы қойған 200 дана бейнебақылау камерасы, яғни жалпы 400 камера бар. Осы жылдың тамыз айында жалпы бейнебақылау камералар арқылы құқықбұзушылықтарды, атап айтқанда жол ережелері, көгалдандыруды бүлдіру, қоқыс тастау, қоршаған ортаны ластау және т.б анықтау және алдын алуды күшейту мақсатында «Цифрлық даму орталығы» қызметкерлерімен камераларға бақылау жүргізу үшін облыстық Полиция департаменті, облыстық экология департаментімен меморандумдар бекітілді.

– Қазір білім беру ұйымдарында бейнебақылау камералары орнатылған. Түркістан облысы бойынша барлық мектептер бейнебақылау камераларымен қамтылған ба? Шалғай аудандағы мектептер ше?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен барлық білім беру ұйымдарындағы бейнебақылау камераларын полиция органдарының жедел басқару орталығына шығару тапсырмасы түскен. Осының негізінде бүгінгі таңда облыстағы 943 (904-і мемлекеттік, 39-ы жекеменшік) мектептің 563-і облыстық Полиция департаментінің жедел басқару орталығына шығарылды, бұл 60 пайызды құрайды. Жоспар бойынша техникалық мүмкіндігі бар жалпы 750-ге жуық мектепті жедел басқару орталығына шығару жоспарланып отыр.

– Жалпы, цифрландыруға қанша қаржы бөлінді?

– Биыл цифрландыру саласына 5 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржының негізгі бөлігі мемлекеттік органдардың байланыс қызметі оның ішінде интернет, ЕТС ГО, бұлтты құжат айналымы жүйесі, мемлекеттік органдардың интернет порталы, компьютерлік сүйемелдеу, телефония, почта қызметтеріне кетеді. Сонымен қатар, «Сергек» жобасы жекеменшік-әріптестік моделі арқылы іске асырылуда. Бюджетіміздің бір бөлігі осы жобаны қаржыландыруға кетеді.

– Жыл аяқталуға екі ай ғана қалды. Алдағы уақытта тағы қандай жоспарларыңыз бар? Салаға бөлінген барлық қаржыны игердіңіздер ме?

– Жаңа «Сергек» камера туралы айтып өттік. Осы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында аудан, қалалардан камералардың қажеттілік тізімі жасалды. Арыс қаласына - 8 аппараттық бағдарламалық кешен (әрі қарай - АБК), 10 жалпы бейнебақылау камерасы (әрі қарай - ЖБК), Кентау қаласына - 10 АБК, 20 ЖБК, Бәйдібек ауданына - 10 АБК, 20 ЖБК, Жетісай ауданына - 12 АБК, 8 ЖБК, Мақтаарал ауданына -19 АБК, 9 ЖБК, Түлкібас ауданына - 6 АБК, 2 ЖБК, Қазығұрт ауданына - 3 АБК, 7 ЖБК, Шардара ауданына - 9 АБК, 7 ЖБК, Келес ауданына – 7 АБК, 20 ЖБК, Сауран ауданына - 2 АБК, 43 ЖБК, Отырар ауданына - 4 АБК, Ордабасы ауданына – 27 АБК, Созақ ауданына - 26 АБК, 12 ЖБК, Төлеби ауданына – 6 АБК, Сарыағаш ауданына - 12 АБК, 8 ЖБК, Сайрам ауданына – 3 АБК, 5 ЖБК қажет. Жалпы, 164 дана жылдамдық өлшегіш камера, 171 – дана жалпы бейнебақылау камерасы керек. Ендігі жоспарымыз осы қажеттіліктерді жабу. Осы жылға жоспарлаған жобаларымыз өз мерзімдеріне сәйкес іске асырылып келе жатыр. Басқармаға бөлінген қаржы толығымен игерілетін болады.

– Архив туралы да айта кетсеңіз? Көбіне қандай мәліметтер сақталады?

– Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының негізгі міндеттерінің бірі – облыс аумағында архив ісі және құжат жасау саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты жүзеге асыру. Осы мақсатта басқарма Қазақстан Республикасының «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңы мен осы заңнан туындайтын нормативтік актілерді, қағидалар мен ережелерді басшылыққа алады. Өңірде 4856 архив қоры және сақтау бірлігінде 1 616 741 іс бар. Жалпы, архивте маңызды  деректер мен Қазақстан тарихына қатысты шетелдерден әкелінген құжаттар сақталады.

– Архив ісінде қандай жетістіктеріңіз бар?

– Архив ісі саласындағы бірден бір жетістік, 2020 жылдан бастап, облыстағы барлық мемлекеттік архивтер облыс әкімдігінің 2019 жылғы 25 желтоқсандағы №300 қаулысымен бекітілген, баға прейскурантына сәйкес ақылы түрде қызмет көрсетуді қолға алып, тиімді жұмыстар атқаруда. 2020 жылы 74 950,4 мың теңге көлемінде ақылы қызмет көрсетілген болса, 2021 жылдың қорытындысымен басқармаға бағынысты мемлекеттік архивтермен 98950,0 мың теңгеге ақылы қызмет көрсетілді. 2022 жылға 89 000,0 мың теңгеге ақылы қызмет көрсету жоспарланды. Яғни бұл қаржыларға  ақылы қызмет есебінен құжат тасымалдау үшін 3 автокөлік (31 090,0 мың теңгеге), 18 сканер (36 000,0 теңге), 50-ге жуық компьютер, 4 ноутбук, 10 ксерокс, 5 МФУ сатып алынды.

– Қандай олқылықтар орын алды архив мәселесінде? 

– Архив ісі саласында менің басқару кезегімде нақты олқылықтар болған жоқ. 

Өзгелердің жаңалығы