Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында вирустардың аса қауіпті штаммдарын сақтайтын қоймасы бар зертхана құрылысы жоспарлануда. Мұндай зертхана не үшін қажет? Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жауап берді.
Алексей Цойдың пікірінше, қазір зертхана салу мәселесі пысықталуда.
Мемлекеттегі кез келген зертхана толығымен Қазақстанның бақылауында. Қазір бұл мәселе пысықталуда, - деді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Оның айтуынша, зертхана мемлекет қаржысына салынады. Оған қанша қаражат жұмсалатыны әлі белгісіз.
Министр сондай-ақ аса қауіпті штаммдарды сақтайтын зертхана не үшін қажет деген сұраққа жауап берді.
Мәселен, бізде BSL-3 зертханасы бар. Бұл COVID сияқты штаммдарды зерттейтін орталық болады. Бізде осындай зертхананың болуы вакцинаны жылдам әзірлеуге, осы штаммдарға жауап беру үшін диагностика жасауға мүмкіндік берді, - деді Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.
Цой қарапайым зертханада қауіпті штамдармен күресу мүмкін еместігін айтты. Өйткені олар жұқпалы келеді.
Онда жұмыс істейтін адамдар қауіпсіз болуы үшін белгілі бір жағдай қажет, қорғаныс костюмдері қажет, ауаны арнайы өңдеу қажет. Сондықтан бұл мәселе зерттеледі. Қазіргі уақытта бізде осындай зертхана бар, соның негізінде QazVac вакцинасын жасадық, - деп түсіндірді Алексей Цой.