Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде құрылысшылар күнін мерекелеуге арналған салтанатты жиын өтті. Министр құттықтау сөз сөйлеп, құрылыс саласының өкілдерін құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өз сөзінде Қанат Шарлапаев жаңа тұрғын үйлер, әлеуметтік, өндірістік және көлік инфрақұрылымы нысандарын салып жатқан мамандардың жоғары кәсібилігі мен адал еңбегін атап өтті.
Министр салтанатты түрде мекеменің стратегиялық міндеттерін табысты жүзеге асыруға және қызметінің негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізуге қосқан үлесі үшін сала ардагерлері мен ерекшеленген қызметкерлерге мемлекеттік және ведомстволық наградаларды табыс етті. Салтанатты шара құрылысқа сүбелі үлес қосып, өз кезегінде Қазақстанның экономикалық өсуі мен тұрақты дамуына көмектескен тұлғаларға алғыс білдіру және құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылды.
Өткен жылы елімізде 17,5 млн ш.м. тұрғын үй пайдалануға берілді, биыл бұл көрсеткіш 18 млн ш.м. жетуі тиіс. Қажырлы еңбек арқасында өткен жартыжылдықта республика бойынша 68 мыңдай тұрғын үй салынды. 2030 жылға қарай 111 млн ш.м. салынатын болады, бұл дегеніміз 1 млн тұрғын үй, – деді министр.
Кәсіби мереке биыл 68-ші рет тойланып жатыр. Құрылысшылар мерекесін жыл сайын Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Украинада да атап өтеді. Қазақстанда Құрылысшылар күні «ҚР мереке күндерінің тізбесін бекіту туралы» Үкіметтің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қаулысымен бекітілген.
Қазіргі уақытта бұл салада 648 мыңға жуық адам және 53 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Ал 2023 жылы нақты көлем индексі рекордтық 115,1%-ға, барлық құрылыс жұмыстарының жалпы құны 7,6 трлн теңгеге жетті, Бұл құрылыс саласының ел экономикасы үшін маңыздылығын көрсетеді.
Құрметті құрылысшылар кәсіби мерекелерін тойлау үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп Астанада жиналды. Құрылыс саласының 30 үздік қызметкерлері «Құрметті құрылысшы», «Құрметті сәулетші» и «Ерен еңбегі үшін» төсбелгілеріне ие болды.