Еліміздің қай өңірлерінде сапалы ауыз су тапшылығы орын алған?

13 Қазан 2021, 14:35
5886
Бөлісу:
Еліміздің қай өңірлерінде сапалы ауыз су тапшылығы орын алған?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бейбіт Шаханов хабарлады. 

Оның айтуынша, ауыз суға ең төмен қолжетімділік 88,9% көрсеткішпен Жамбыл облысында байқалып отырған көрінеді.

Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарындағы қала халқы 100% сумен жабдықтау қызметтерімен қамтылған. Сондай-ақ ауылдық жерлердегі ауыз сумен жабдықтаудағы ең жоғары қолжетімділік 98,3% көрсеткішпен Алматы, 98,5%-бен Атырау және 97,6%-бен Қызылорда облыстарында байқалып отыр, - деп атап өтті комитет төрағасының орынбасары.

Ал ауылдық жерлерде су жүйесімен жабдықталу бойынша ең төменгі қолжетімділік Қостанай (64,7%), Шығыс Қазақстан (81,4%), Солтүстік Қазақстан (82,2%) және Жамбыл (82,2%) облыстарында байқалуда.

Көрсеткіші төмен аймақтарға басымды түрде қаражат бөлінуде, бұл артта қалған аймақтар көрсеткіштерін өсіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Ауыл Ел-бесігі» арнайы жобасына және аймақтарды дамытудың кешенді жоспарларына енген ауылдарға басымдық беріледі, - деді Бейбіт Шаханов.

Бұдан басқа, барлық елді мекендерді сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету үшін, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде әрбір ауылды кезең-кезеңімен қамту жоспары әзірленген.

Еске сала кетейік, бұған дейін еліміздің бірқатар ауылына орталық су жүйесі тартылатындығы туралы жазған болатынбыз.



Өзгелердің жаңалығы