Еліміздің Футбол федерациясы ауыл балаларына арнап жаңа жоба әзірлейді

20 Қыркүйек 2021, 17:42
7600
Бөлісу:
Еліміздің Футбол федерациясы ауыл балаларына арнап жаңа жоба әзірлейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Футбол федерациясы жаңа жобаны қолға алды. 

Бұл туралы ҚФФ баспасөз қызметінің жетекшісі Ермұхамед Мәулен Facebook парақшасында мәлім етті.

Бәріміз таланттар ауылда деп жүрміз. Онда сол ауылға барып таланттарды іздеу керек шығар?! Ол үшін «Ауылымның алаңы» атты жарыс бастадық. Кәнігі «Былғары доп» деген секілді жарыс. Бірақ басты ерекшелігі, тек ауылдың балалары ғана қатысады. Мысалы, Арал ауданы Қарақұм ауылының балалары өз ауылдық округінде жеңіске жетсе, сосын ауданның чемпионы атанса, ары қарай Қызылорда облысының чемпионы болуы да мүмкін ғой. Кейіннен олар Астанада өтетін финалдық кезеңге келеді, - дейді белгілі спорт комментаторы. 

Оның мәлімдеуінше , осы арқылы14 облыстың чемпиондары «Астана Аренада» үздік ауыл командасын анықтайды.

Үздік шыққан балаларды Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Маруаұлы Байсуфинов пен Жастар құрамасының бапкері Қайрат Жұмабекұлы Нұрдәулетов анықтайды. Әр командадан көзге түскен ауыл балаларын облыс орталықтарындағы футбол мектептеріне алдыртамыз, - деді ол. 

Сонымен қатар Ермұхаммед Мәулен аталған жобаның шалғайда жатқан ауыл балаларына үлкен мүмкіндік беретінін жазды. 

Жас ерекшеліктері екі санатқа бөлінеді. 8-9, 10-11 жас деген секілді. Үздік шыққандарды марапаттап, ауыл балаларын Бәйтерекке апарып қыдыртып, Ұлттық құраманың ойынын стадионнан тамашалатып, фотосессия жасатқызып, бір мереке жасаймыз. Сонда 28 команданың 350 ге жуық жас жеткіншегі футболға қадам басады дей беріңіз, - дейді Ермұхамел Мәулен.

Өзгелердің жаңалығы