Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бейбіт Шаханов хабарлады. Оның айтуынша, ел бойынша барлығы 6 316 ауыл бар.
Оның ішінде халық саны 50 адамнан кем – 348 ауыл болса, олардағы тұрғын саны 10,1 мың адамға тең. Ал адам саны 10 адамнан кем – 45 ауыл (253 адам), оның ішінде 3 991 ауыл орталық су жүйесімен қамтылған. 403 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылған, - деп атап өтті Бейбіт Шаханов.
Сонымен қатар қамтылмаған 1 922 ауылдаң 793-інде орталық сумен қамту жүйелерін салу жұмыстарын жалғастыру жоспарлануда.
Қаражатты тиімді пайдалану мақсатында, халық саны 200-ден кем барлық 1 129 ұсақ ауылдарда кешенді блок модульдер орнатылатын болады. Кешенді блок-модульдерді орнатудың басымдылығы – оның бағасының тиімділігі, оңай жиналуы, пайдалануы және қажет болған жағдайда ауылдан ауылға тасымалдау мүмкіндігінде, - деді комитет төрағасының орынбасары.
Биыл 368 ауылды қамту жоспарланып отыр. Оның ішінде 148 ауылда орталық сумен жабдықтау және 220 ауылда жергілікті бюджет қаражаты есебіненен кешенді блок модульдер орнатылатын болады.
Еске сала кетейік, бұған дейін сумен қамту жүйелерін салу мен реконструкциялауға 151 млрд теңге көзделгендігі туралы жазған болатынбыз.