Қазақстанның батысында "Айбалта-2025" екіжақты жедел-стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуының алғашқы кезеңі басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқу-жаттығуға "Батыс" және "Шығыс" өңірлік қолбасшылықтарының құрамалары мен әскери бөлімдері қатысып жатыр. Әскерилер дабыл бойынша көтеріліп, толық жауынгерлік дайындыққа келтірілді.
Маневрлерге 3 мыңнан астам әскери қызметші, 1 мыңнан аса қару-жарақ пен техника, соның ішінде ұшақтар, тікұшақтар және ұшқышсыз ұшу аппараттары жұмылдырылған.
Бірінші кезеңде әскери қызметшілер дабыл жарияланған кездегі іс-қимылды пысықтап, белгіленген ауданға аралас тәсілмен марш жасап, оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындауға кірісті.
Практикалық әрекеттер күндізгі және түнгі уақытта өтеді. Жаттығулар барысында қорғаныс пен шабуыл операциялары, ұшқышсыз жүйелерді қолдану, әскер тектерінің өзара іс-қимылы, командалық басқару, логистика, тактикалық байланыс және күрделі климаттық жағдайда маневр жасау тәжірибесі шыңдалады.
Негізгі мақсат – әскери басқару органдарының үйлесімділігін арттыру, қазіргі заманғы ұрыс әдістерін жетілдіру және жаңа тәсілдерді сынақтан өткізу.
"Айбалта-2025" оқу-жаттығулары 3 қазанға дейін жалғасады.