Еліміздің бас ұстазы алғашқы ұстазын еске алды

29 Қыркүйек 2023, 16:30
1152
Бөлісу:
Еліміздің бас ұстазы алғашқы ұстазын еске алды
Фото: Артём Чурсинов - архив

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Мұғалімдер күніне орай алғашқы ұстазын еске алып, челлендж жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Биыл ресми түрде бекітілген төл мерекеміз – Мұғалімдер күні қарсаңында өзімнің аяулы ұстаздарым жайлы естеліктерімді бөліскім келеді. Ең алдымен Хәкім Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» қағидасын бойыма әбден сіңірген, өмірлік ұстаздарым - ата-анама алғыс айтқым келеді. Кезінде біз бір қабатты, сабан кірпіштен қаланған, шағын мектепте тәлім алдық. Сол аядай ғана білім ұясын оқушыға деген махаббатымен зәулім әрі жарық еткен ұстаздарымды әрдайым құрметпен еске аламын. Әсіресе алғаш «Әліппемен» таныстырып, сауатымызды ашқан Қызылбаева Дәмеш апайыма мың тағзым етемін, - деді министр.

Сөзінше, бүгінде алғашқы ұстазы тоқсанның төріне шыққан ардақты әже.

Дәмеш апайдан кейін 4-7 сыныпта бізді өз алақанына алған Сыздықова Күлтай апайымыз да жадымызда. Әуелде қатал көрінгенмен, қамқоршы болған ұстазымыздың жақсылықтарын бала көңіл қайтіп ұмытсын?! Одан кейінгі қызық та ең қиын кезең, бозбала мен бойжеткен сәтімізде тәлімі мен тәрбиесін көрген сынып жетекшіміз Сейілова Ұлтай апайымызды ұмыту тіпті де мүмкін емес. Ұлтай апайдың сол кездегі бейнесі «Қыз Жібек» фильміндегі Жібекке ұқсайтын. Қазақ әдебиетінен дәріс беретін ұстаз әдеби шығармалардың мәнін ашып, талдау жасағанда бүкіл сынып ұйып тыңдайтынбыз. Қиялымызға ерік беріп, өзімізді оқиғаның ішінде жүрген кейіпкердей сезінуші едік. Сол арман алдыға жетелеп, менің де осы ұлағатты жолды таңдауыма ұстаздарымның тәлімі түрткі болғаны сөзссіз, - деп айтты Ғани Бейсембаев.

Оқу-ағарту министрі педагог ретінде қалыптасу жолында тәлімгерлік еткен жандарды да ешқашан ұмытпайтынын айтып, Дәлелхан Мусин, Раушан Букаева, Антонина Бондарева, Қанипа Бітібаева, Шәмшә Беркімбаева ұстаздары бұл өмірден озса да, олардың есімі мәңгі жадында екенін жазды.

Жас ұрпақты тәрбиелеу жолында тынымсыз еңбектеніп, ағартушылық қызметті абыроймен атқарып жүрген және зейнет демалысындағы педагогтер қауымына шынайы ризашылығымды білдіре отыра, әрқайсыларыңыздың отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін! Шәкірттеріңіздің құрметіне бөлене беріңіздер, мерейлеріңіз үстем болсын! – деп айтты Бейсембаев.

Министр кәсіби мерекеге орай барша қазақстандыққа және Нұртөре Жүсіп, Асхат Аймағамбетов , Тамара Дүйсенова, Аида Балаева, Саясат Нұрбек, Ажар Ғиният әріптестеріне «Ұстазым менің, ұстазым!» атты челленж жолдады. Бейсембаев әріптестеріне аяулы ұстаздары жайлы жылы лебіздерін білдіріп, қызықты естеліктерін бөлісуге шақырды.

Өзгелердің жаңалығы