Еліміздің әр өңірде «Абай мектептері» жұмыс істей бастайды

10 Тамыз 2023, 18:26
1341
Бөлісу:
Еліміздің әр өңірде «Абай мектептері» жұмыс істей бастайды
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

Абай мектептерінде «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» және «Абайтану» пәндері бойынша тереңдетілген оқу бағдарламасы бекітілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Facebook-тегі парақшасында Абай күніне орай еліміздің әр түкпірінде оқушылар мен ұстаздардың қатысуымен түрлі шаралар өткізіліп жатқанын мәлім етті.

Бүгін - қазақтың бас ақыны, хәкім Абай Құнанбайұлының туған күні! Ресми мерекелер қатарына енген Абай күніне орай еліміздің әр түкпірінде оқушылар мен ұстаздардың қатысуымен түрлі шаралар өткізіліп жатыр. «Абай оқулары» байқауы бүгін өз мәресіне жетті. Ұлы ойшылдың бізге қалдырған асыл мұрасы отаншыл, адал, парасатты, білімді, білікті ұрпақ тәрбиелеудің негізі деп айтсақ артық емес, - деді Ғани Бейсембаев.

Айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың гуманитарлық бағыттағы Абай мектептерін ашу туралы тапсырмасына сәйкес еліміздің 12 өңірінде «Абай мектептері» желісі құрылған болатын.

Аталған білім ошақтарында қазақ тілі мен әдебиеті тереңдете оқытылып, бәсекеге қабілетті, елдің дамуына үлес қосатын елжанды тұлғалар тәрбиеленуде. Алматыдағы Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты осы мектептердің орталық базасы болып белгіленіп, оқу-әдістемелік кешен даярлау, тәжірибе тарату жұмыстарын жүзеге асыруда. Абай мектептері үшін «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» және «Абайтану» пәндері бойынша тереңдетілген оқу бағдарламасы бекітілді. Бұл мектептер ұлттық руханият пен ана тіліміздің жандануының символына, оқушыларға гуманитарлық білім берудің негізіне айналады деп ойлаймын. Баршаңызды руханият мерекесі - Абай күнімен құттықтаймын!, - деп түйіндеді министр.

Өзгелердің жаңалығы