Еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны Томирис Жезқазғанда тұрады

5 Маусым 2024, 11:20
643
Бөлісу:
Еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны Томирис Жезқазғанда тұрады
PHOTO
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

2023 жылғы 14 қарашада сағат 8.10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанған еді. Соның бірі Томирис Сұңғатқызы Ұлытау облысында тұрады. 6,5 айлық баланың дені сау, жағдайы жақсы, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Тәтті қылықтары шығып, ата-әжесі мен әке-шешесінің көз қуанышына айналып келе жатқан Томирис Ұлытау облысының Жезқазған қаласында тұрады. 2023 жылы 14 қарашада туған нәрестенің атын атасы қойған. Жас отбасының тұңғышы, ата-әжесінің алғашқы немересі, сондай-ақ еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны болған Томирис бүгінде 6,5 айлық.

Еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны Томирис Жезқазғанда тұрады

Томиристі 19 жасымда дүниеге әкелдім. Ертең туған күнім, 20 жасқа келемін. Бұл өзімнің алғашқы жүктілігім. Томиристің әкесі «Қазақмыс» корпорациясында электрик болып жұмыс істейді. Қызымның атын атасы қойды. Қазіргі уақытта барлық уақытым бала күтіміне арналуда. Томирис дүниеге келгенге дейін бөлек тұрғанбыз, жолдасымның өз пәтері бар. Бірақ бала күтімі оңай емес, жалғыз өзіме қиын болғандықтан қазір ата-енемізбен бірге тұрып жатырмыз. Ата-енем немересінің күтіміне, тәрбиесіне араласып, барынша қолғабыс етуде. Қызымыз күн сайын әртүрлі тәтті қылықтар шығарып қуантып жатыр. Өзінің жасына сай өсіп келеді. Ең бастысы дені сау, болашағы жарқын болса екен деп тілеймін, - дейді Томиристің анасы Әйгерім Молдашева.

Еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны Томирис Жезқазғанда тұрады

Жаңадан құрылған Ұлытау облысында туылып, еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанған Томирис Сұңғатқызының отбасына «Отбасы банк» 2 млн теңгеге сертификат сыйласа, «Қазақмыс» корпорациясы 1 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау керсеткен. Әйгерім Молдашеваның айтуынша, бұдан бөлек көптеген жекеменшік ұйымдар тарапынан да Томириске сыйлықтар жасалған.

Өзгелердің жаңалығы